Бухари мен Муслимнің хадистер жинағын мәһр ретінде сұрауға бола ма?
Бухари мен Муслимнің хадистер жинағын  мәһр ретінде сұрауға бола ма?
10 жыл бұрын 10104 Africa Studio/Shutterstock

Сәлеметсіз бе! Мәһр ретінде Бухари мен Муслимнің хадистер жинағын сұрауға бола ма? Оның бағасы мәһрге тұрарлық па? Шарапат А.

Сәлеметсіз бе! Қадірменді Шарапат, бір затты мәһр (неке сыйы) ретінде есептеуіміз үшін:

Біріншіден - дінде халал деп саналатын, материалдық құны бар және қол жетімді зат болуы керек (әл-Мәлул Мүтәқайюм)[1]. Мысалы: киім-кешек, компьютер, планшет, ұялы телефон, ақша, үй, т.б.

Екіншіден – аяғы дауға ұласпау үшін берілетін заттың түрі, саны, сорты сияқты  ерекшеліктері нақтыланғаны дұрыс[2]. Мысалы, келіскен мәһр киім-кешек болса, бұл жағдайда әлгі киім-кешек санатына жататын киімнің нақты бір түрі айтылуы тиіс: көйлек немесе етек немесе күртеше т.б.

Үшіншіден - ең азы он дирхам күмістің құнына сай болуы керек[3]. Мәһрдің ең аз мөлшерін ардақты Пайғамбарымыз мына сөзімен бекіткен: «... он дирһамнан кем мәһр жоқ..»[4].  

Ендеше, сіздің айтып отырған хадис жинақтарының  материалдық құны болса, және ең кемі - он дирхам күміске сай келсе, оны мәһр ретінде сұраудың ағаттығы  болмас. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

[1] Абдул Уәһһаб әл-Хиләф: әл-Әхкәмул ахуалуш шахсия – 76 бет;  Маусули, әл-Ихтияр – 3/89 –бет; Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 3/491-бет;
[2] У.Зухайли, әл-Уәжиз – 3/97 бет.
[3] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар – 4/232 бет. 7/10 бет.; Абдуррахман Жазири: әл-фиқһ ъалал мәзәхибил арбаъа – 4/90 бет;  
[4] Даруқутни сүнәні; Бәйһақи.

Абдусамат Қасым