Діни тұрғыда банкте жұмыс істейтін туысымның үйінен ас ішуге бола ма?
Діни тұрғыда банкте жұмыс істейтін туысымның үйінен ас ішуге бола ма?
24 күн бұрын 1904

Әссәләмуғалейкум! Банкте жұмыс жасайтын туыстарыңнын үйінен тамақ ішу қалай болады екен?

Бисмилләһ, уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен айта кетелік, өсіммен айналысатын мекемеде мұсылманның жұмыс істеуіне болмайды, өйткені, біріншіден - күнәға ортақтасқан болады, екіншіден - тапқан табысы адал емес, сондықтан да, лаж болса банкте жұмыс істемеген жақсы. Алайда жұмыс таба алмай жүрген мұсылман үшін қазіргі кейбір ғалымдар "банктен өзге жұмыс таба алмаса, кредитке тікелей қатысы жоқ бөлімінде істегені жөн" деп жеңілдік танытқан.

Ендігі жерде сауалға келелік. Сауалдағы «банкте жұмыс істейтін туысы үйіне ауқатқа шақырса, баруға бола ма?» деген сұраққа ғалым сахаба Абдулла ибн Мәсъудтың (Алла оған разы болсын) сөзімен жауап берелік. Ислами әдебиеттерде келтірілген риуаяттың бірінде бір кісі сахаба Абдулла ибн Мәсъудқа келіп: «Менің бір көршім бар. Жейтіні - өсім. Ол үнемі мені қонаққа шақырады» деп айтады, үкімін білгісі келіп. Сонда ардақты сахаба: «Сыйлығы саған, күнәсі оған» деп жауап берген екен (радияллаһу анһ)1. Ардақты сахабаның «сыйлығы» дегені "сыйлап, тарту еткен асы" деген ұғымда.

Сондай-ақ, сахаба Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын): «Бір иудей (яһуди) Пайғамбарымызды (с.а.у.) тарыдан жасалған нан мен қышқыл татыған майға (қонаққа) шақырды. Алла елшісі (с.а.у.) шақыруын қабыл алды»- дейді2. Пайғамбар заманында (с.а.у.) яһудилер өсіммен айналысатын еді. Яһудидің өсіммен айналысатынына қарамастан, Алла елшісі (с.а.у.) шақыруын қабыл алып, асын ішті.

Ендеше, туысыңыз банкте істесе де, оның үйіне қонаққа барып, асын ішудің күнәсі жоқ деуге негіз бар. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Уа ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!


1  Абдурраззақ: «әл-Мұсаннаф».
2  Имам Ахмед: «Мүснәд». Иснәдуһу сахих аля Шартый Муслим.

Абдусамат Қасым