«Сәждеге барғанда бірінші тізені емес, қолды қою қажет» дейді. Қайсысы дұрыс?
«Сәждеге барғанда бірінші тізені емес, қолды қою қажет» дейді. Қайсысы дұрыс?
2 жыл бұрын 7222

Ассаламуғалейкум! Бір бауырымыз сәждеге барғанда бірінші тізені емес қолды қою қажет деп осы хадисті келтірді. Біз бірінші тіземізді қою жайында қандай дәлелге сүйенміз? 

«إِذَا سَجَدَ أَحَدُكُمْ؛ فَلاَ يَبْرُكْ كَمَا يَبْرُكُ الْبَعِيرُ، وَلْيَضَعْ يَدَيْهِ ثُمَّ رُكْبَتَيْهِ». 

«Сендерден біреулерің сәжде жасаса, жерге түйе сияқты шөкпесін, әрі бірінші болып қолдарын, содан соң тізелерін қойсын». Есембек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Хадисші, мүжтәһид ғұлама Имам Тахауи (рахимаһуллаһ): «Сәжде жасайтын кезде ең әуелі жерге екі тізе қойылады, одан соң екі қол, кейін бет (маңдай мен мұрын) қойылады» - деген1.

Оған дәлел ретінде Имам Тахауи (р.а.) сәнәдімен қоса мына бір сахих хадисті келтіреді: «Сахаба Уаил ибн Хужр былай деген: «Алла елшісі (с.а.у.) сәжде жасаған кезде екі қолдан бұрын екі тізесін қоюдан бастайтын»2Хадис - мәрфуъ сахих. Хадисті жеткізуші риуаятшылар сиқа (сенімді).

Ал сәждеде әуелі қол, одан соң тізе қойылады дейтін ғалымдар әл-Аъраждың сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген мына бір сахих хадисіне сүйенеді: «Сендерден кім сәжде жасайтын болса, түйенің шөккенідей шөкпесін. Тізеден бұрын екі қолын қойсын»3

Осы хадиске қарағанда, сәждеге барарда әуелі жерге екі қолды қойып, одан кейін екі тізе қойылу керектігін ұғынамыз. Алайда, аталмыш хадистің Абдулла ибн Саъидтің келтірген нұсқасында, Әбу Һурайра былай деген:

«Пайғамбарымыз былай деп айтты: «Сендерден кім сәжде жасайтын болса, қолдан бұрын, әуелі екі тізесін қойсын. Түйенің шөккенідей шөкпесін»4.

Осы риуаятта Әбу Һурайра (р.а.) керісінше сәжде жасағанда әуелі тізе, одан кейін қол қойлатындығын айтуда және түйенің шөккенідей шөкпеуді бұйыруда. Бұл нұсқа жоғарыдағы Әбу Һурайрадан жеткен бірінші нұсқаға кереғар.

Ендеше қайсысы дұрыс? Біршеті сахаба Уәил ибн Хужр риуаят еткен хадисте «әуелі тізе, одан соң қол қойылатындығы» айтылған. Екіншіден, сахаба Әбу Һурайраның риуаят еткен хадисінде «әуелі қол, одан кейін тізе қойылатындығы» атылып тұр. Екі хадис те сахих. Қайсысымен амал етпек керек? Бұл сұраққа хадисші, фақиһ Имам Тахауи (р.а.) риуаяттарды жан-жақты зерттей келе, ақырында: «Әбу Һурайраның хадисі төңірегінде талас бар. Ал сахаба Уаилдің жеткізген хадисі төңірегінде талас жоқ. Сондықтан да, сахаба Уәилдің жеткізген хадисін қабыл еткен - ең дұрысы» деп байлам жасаған.

«Әбу Һурайраның хадисі төңірегінде талас бар...» деуінің мәні, кейбір хадисші ғалымдар ол хадистің мәтініндегі «...Тізеден бұрын екі қолын қойсын» деген бөлімін хадистің мәтінінен емес, кейіннен қосылған сөз деп есептейді. Себебі дәл осы нұсқасын әл-Аъраж есімді риуатшы Әбу Һурайрадан былай деп жеткізген: «Сендердің әлдебіреулерің намаздарында түйенің шөккенідей шөккісі келе ме?!»5

Өздеріңіз де көріп тұрғандай әл-Аъраждың Әбу Һурайрадан келтірген бұл нұсқасында «Тізеден бұрын әуелі екі қолын қойсын» деген жері жоқ. Бұл аталмыш сөйлемнің хадистің негізгі мәтінінен емес екендігін, бірақ «түсініктеме» ретінде кейіннен қосылғандығын ұғындырады6.

Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан жеткен аталмыш хадистің «мәнсух» болып, үкімі жойылғандығын айтқан ғалымдар да жоқ емес. Деректерге қарағанда сахаба Әбу Саъид әл-Худридің (р.а.) бұл мәселеге қатысты: «Біз алдын сәждеге барарда екі тізеден бұрын екі қолымызды қоятынбыз. Кейін (керісінше) екі қолдан бұрын екі тіземізді қоюға бұйырылдық» деген сөзі келген7. Бұл да Имам Тахауидің «Әбу Һурайраның хадисі төңірегінде талас бар» деген сөзін аша түсері анық. Демек, ең дұрысы - сәждеге барарда әуелі тіземізді қойып, одан кейін қолымызды қояды екенбіз. Ханафи мәзхабында пәтуа осыған негізделген. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1 Имам Тахауи: «Мұхтәсар». Китабус саләт.
2 Имам Тахауи: «Маъаниль әсәр»; Имам Тирмизи: «Сүнән»; Ибн Мәжә: «Сүнән».
3 Әбу Дәуід: «Сүнән», 840. Сахих хадис.
4 әл-Бәйһәқи: «әс-Сүнәнуль Кубро»; Ибн Әби Шәйбә: «Мусаннаф».; Имам Тирмизи: «Сүнән».
5 Әбу Дәуід: «Сүнән»; Имам Тирмизи: «Сүнән».
6 Әбу Бәкір әр-Рази әл-Жассас: «Шәрху Мұхтәсарит-Тахауи».
7 Бәдруддин әл-Айни: «Нухабуль Әфкар». 4/400 бет.

Абдусамат Қасым