Ассалаумағалайкум! Рамазан айында үтір намазын не үшін жамағат болып оқиды? Бұған хадисте дәлел бар ма? Оразғали.
Рамазан айында «Үтір» намазын жамағатпен оқуға дәлел бар ма?
|

Әлхамдулилләһ, уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Үтір намазын Рамазан айында тарауих намазының артынан жамағатпен оқу сүннет болып есептеледі, ал Рамазан айынан басқа уақыттары үтір намазын жамағатпен оқу мәкруһ болады1.
Ал енді Рамазан айында тарауихтан кейін үтір намазын жамағатпен оқуға келсек, сахих риуаяттарға қарағанда Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Рамазан айында сегіз рәкәғат тарауих намазын жамағатқа имам боп оқып, артынан үтірді жамағатпен оқыған. Ол жайында сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді:
«Ол (с.а.у.) Рамазан айында оларға сегіз рәкәғат намаз өткізді және үтірді өткізді».
Осы хадистегі «әутәрә» (أوتر) сөзі - "үтірде де имам боп, жамағатпен оқыды" дегенді білдіреді, біз ол сөзді қазақшаға «үтір намазын өткізді» деп аударып отырмыз. Бұның өзі Рамазан айында үтірді жамағатпен оқу сүннет екендігін білдіреді. Үтірді кейінірек үйде де оқыса болады және түнде тахажжуд оқимын деушілер, үтірді тахажжудтан кейінге қалдыруларына да дінде рұқсат.
Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1 Имам Мәрғинәни: «әл-Һидая», Қияму шәһри Рамадан.
2 Имам Тәһәнәуи: «Иъләәус сүннә», 7/69 бет.