Дәлелдерімен намаз: Қолды кіндіктен төмен байлау
Дәлелдерімен намаз: Қолды кіндіктен төмен байлау
9 жыл бұрын 14369


Тәкбірден кейін қол байлау – сүннет, ал, кіндіктен төмен ұстау - абзал,
тақуалыққа ең жақыны осы. Қол байлағанда оң қолдың басбармағы мен кішкентай саусағы арқылы сол қолдың білезігінен қапсыра ұстайды[1].

Бұл жайында Имам Ахмедтің хадистер жинағында келтірілген риуаятта Әзірет Әли (р.а.): 

عن أبي جُحيفة أن عليا رضي الله عنه قال: " السُّنَّة وَضعُ الْكَفِّ على الْكَفِّ في الصَّلَاةِ تَحْتَ السُّرَّةِ ". رواه إمام أحمد، وأبو داود، وابن أبي شيبة 

«Оң қолды сол қолдың үстіне қойып,  кіндіктен төмен байлау – сүннет»[2], – деген.

Сондай-ақ, тағы бір риуаятта сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді:

"أخذ الأكُفّ على الأكُفِّ في الصلاة تحتَ السُرَّةِ" رواه الدارقطني،

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір қолын екінші колымен ұстап, кіндіктен төмен байлады»[3].

Аталмыш хадистерге сүйенген имам Ахметтің көзқарасы бойынша да қолды кіндіктен төмен байлау – сүннет»[4].

Қолды кіндіктен төмен байлау жайында Уаил ибн Хужр есімді рауи әкесінің былай дегенін риуаят етеді:

عن علقمة بن وَائِل بنُ حُجْرِ عن ابيه قال: رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَضَعَ يَمِينَهُ عَلَى شِمَالِهِ فِي الصَّلاَةِ تَحْتَ السُّرَّةِ". قال الشيخ أبو الطيب المدني في شرح الترمزي:هذا حديث قوي من حيث السند

 «Мен Пайғамбарымыздың намазда тұрғанда оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктен төмен байлағанын көрдім». Әбу Тайып ибн Әбдіқадыр әл-Мәдәни «Тирмизидің Сүнәнына» жазған түсіндірмесінде аталмыш хадис жайында: «Бұл хадис сәнәд тұрғысынан алып қарағанда қуатты»[5], – деген.

Ибн Әби Шәйбәның «Мусаннафф» атты еңбегінде Айша анамыздың көзін көрген табиғин, өз заманының ғұламасы Ибраһим ән-Нәхағи былай дейді:

عَنْ إبْرَاهِيمَ قَالَ : يَضَعُ يَمِينَهُ عَلَى شِمَالِهِ فِي الصَّلَاةِ تَحْتَ السُّرَّةِ

«Намазда оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктен төмен байлайды»[6]

Сондай-ақ, Басра қаласының ғұламасы, сахабалар-дың көзін көрген табиғин және көптеген хадисші ғалымдар тарапынан «сенімді (сиқа)» деген атаққа ие Лахиқ ибн Хамид Әбу Мижләз бұл мәселе жайында: 

حَجَّاجُ بْنُ حَسَّانَ ، قَالَ : سَمِعْت أَبَا مِجْلَزٍ قَالَ : يَضَعُ بَاطِنَ كَفِّ يَمِينِهِ عَلَى ظَاهِرِ كَفِّ شِمَالِهِ وَيَجْعَلُهَا أَسْفَلَ مِنْ السُّرَّةِ

«(Намаз оқитын кісі) оң алақанын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астыңғы жағына байлайды», – деген.[7]

Қол байлағанда оң қолдың бас бармағы мен шынашағы арқылы сол қолдың білезігін қапсыра ұстау дегенге дәлел келтірер болсақ, Имам Бұхари «ат-Тарихүл-Кәбир» атты еңбегінде Әзірет Алидің шәкірттерінің бірі Ұқба ибн Зәбияннан жеткен мына риуаятта былай делінген:

عَنْ عقبة من أصحاب عَلِيّ ، عَنْ عَلِيّ رَضِيَ اللَّهُ تَعَالَى عَنْهُ ، وضعها على الكرسوع

 «Әли намазда қолын білезігіне байлады»[8]. 

Ибн Әби Шәйбәнің кітабындағы риуаятта да былай делінеді: 

كَانَ عَلِيٌّ إذَا قَامَ فِي الصَّلاَةِ وَضَعَ يَمِينَهُ عَلَى رُسْغِ يَسَارِهِ

«Әзіреті Әли намазға тұрғанда оң қолын сол қолының білезігіне қоятын»[9]. 

Неге кейбір мұсылмандар намазда қолды көкірек тұсына

байлайды?

Жалпы, ешбір мәзһабта қол көкіректің дәл үстіне қойылады деген пәтуа да, нақты дәйек те  жоқ. Қолды көкіректің үстіне қоюға байланысты келтірілген мына бір хадис нақты дәлел бола алмайды.

عن وائل بن حجر قال : «صليت مع رسول الله صلى الله عليه وسلم ، ووضع يده اليمنى على يده اليسرى على صدره»

Уайл ибн Хужрдан риуаят етілген хадисте, былай деді:

"Алла елшісімен бірге намаз оқыдым.  Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолының үстіне қойып,  көкірегіне байлады".[10]

Бұл хадис Хузайманың «сахих» атты жинағында келтірілген. Хадисті риуаят етушілер арасында Муаууал ибн Исмағил деген кісі бар. Ибн Хажар өзінің «әт-Таһзиб» атты кітабында Имам әл-Бұхаридің ол кісі жайында: «мұнкарул хадис», - деген сөзін келтірген. Яғни, «хадисі қабылданбайды» деген сөз.

Ханафи ғұламасы, фиқһшы әрі хадисші Имам Заһаби мен хадисші Ибн Сағд: «Муаууал ибн Исмағил сүннетке берік, аса шыншыл. Алайда, (хадис риуаят еткен кезде) көп қателеседі»,–деп, оның осы кемшілігін айтып кеткен. Ал, хадисші Даруқутни болса: «Сенімді. Бірақ, жаттау қабілеті нашар» – деген.  Сондай-ақ, Ибн әт-Түркмени, Әбу Хатым, Әбу Зәрға секілді хадис білгірлері де Муаууаль ибн Исмағилдің көп қателесетіндігін айтқан.

Байқағанымыздай, "Алла елшісімен бірге намаз оқыдым.  Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолының үстіне қойып, көкірегіне байлады", – деген хадис сахих емес. Өйткені, хадисті бізге жеткізген Муаууаль ибн Исмағил көп қателесетін  әрі жады нашар болған. Ондай адамның айтқаны есепке алынбай-ды.

Муаууаль ибн Исмағил риуаят еткен аталмыш хадистің негізгі мәтіні Мүслімнің сахихында, Насаийдің сүнанында, Ахметтің мүснәдында, Тирмизиде, Ибн Мәжада, әд-Даруқутнида және әл-Байһақида да бар. Бірақ, олардың ешқайсысында «қолын көкірегінің үстіне қойды» деп айтылмаған. Тек «оң қолын сол қолының үстіне қойды» деумен шектелген. Бұл жайлы Хафиз ибн Хажар «әд-Дирая фи тахрижи ахадисил-һидаяда» атты еңбегінде: «...Алла елшісімен бірге намаз оқыдым.  Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолына әкеліп, көкірегінің үстіне қойды" деген хадис Ибн Хузаймада келтірілген. Бірақ, бұл хадистің Сахих Мүслімдегі нұсқасында «көкірегінің үстіне қойды» деген жері жоқ»,- деп айтқан.

Ендеше, Муаууаль ибн Исмағилдің риуаятындағы "қолын көкірегінің үстіне қойды" деген жері "зияда", яғни, "артық". Жоғарыда хадис білгірлері Муаууаль ибн Исмағилдің жадының нашар болуына байланысты көп қателесетіндігін айтып кеткен еді. Олай болса, бұл жерде Муаууаль ибн Исмағил "қолын көкірегіне қойды" деген сөзді негізгі хадис мәтініне шатасып қосып отыр деуге негіз бар. Хадис ілімінде  белгілі бір риуаят өзінен де жоғары дәрежедегі риуаяттарға қайшы келсе, ондай хадисті  «шәәзз» деп атаймыз. Ал хадистің сахих болуы үшін "шәәзз" болмауы шарт.[11]


[1]. Мабсұт – 1/24 бет; Бахрур Раиқ – 1/528 бет; Нұрул Изах – 26-бет.
[2]. Имам Ахмет, №877 хадис; Әбу Дәуіт, Сала 2/70-бет, №756 хадис; Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 13-хадис,
[3]. Дарақұтни сүнәні – 1098-хадис. 2/32-бет.
[4]. Ибн Құдама, әл-Мұғни, 1/514-бет.
[5] Тухуатул Ахуәзи би Шархи Тирмизи 252-хадис түсіндірмесі.
[6] 
Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 7-хадис,
[7] 
Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 10-хадис,
[8]. әт-Тарихул Кәбир лил-Бұхари: Бабуз Зо’, عقبة بْن ظبيان; ( الكُرْسُوع ): طرف الزَّند الذي يلي الخِنصر، وهو الناتئ عند الرُّسْغ (المعجم الوسيط) анат. запястный конец локтевой кости. (Баранов  Арбаско-Русский словарь)  
[9]. Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 8-хадис,
[10] Мұхаммед ибн Ысқақ ибн Хузайма, Сахиху ибн Хузайма 1-том, 243-бет. «әл-Мактабул-ислами» баспасы, Бәйрут, 1970 ж.
[11] Қ. Жолдыбайұлы, Дін мен діл – 2.

 

"Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі". 
Авторы: А. Қасымов. «Дәуір» баспасы.
(Түзетулер мен толықтырулар енгізілген ІІ-баспасы)