Зəмзəм суын жәй суға араластырса, ол су зəмзəм суына айнала ма?
Зəмзəм суын жәй суға араластырса, ол су зəмзəм суына айнала ма?
5 жыл бұрын 21955

Ассаламу алайкум! Зәмзәм суының азғантайын кәдімгі краниктің суына араластырса, сол краниктың суы да зәмзәм сияқты боп кетеді дейді рас па?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Зәмзәм суын жәй суға араластырса, зәмзәмға айналып кетеді дегенге қатысты айтылған нақты хадис кездестірмедік.

Алайда хадис кітаптарында келтірген бір риуаятта Алла елшісінің дәрет суын сұраған бір топ адам жайында айтылады. Пайғамбарымыз сырт дәретін алып, ол суды сұрап келгендерге береді де, оны теберік ретінде мешіт соғылатын жерге шашыңдар деп өсиет етеді. Алайда олар туратын жерлерінің алыс екендігін, олар жетем дегенше ол су таусылып қалатындығын айтқанда, Алла елшісі оларға: «Оған басқа суды араластырыңдар. Шынында ол, араласқан суды тек жақсарта түседі» дейді[1]. Осы хадистен әрекет ете отырып, кейбір дін мамандары зәмзәм суын да өзге сумен араластырған жағдайда ол су да зәмзәмның қасиеттілігін алады деп тұжырымдаған. 

Бұл тұжырымның ғылыми дәлелі де жоқ  емес. Дәлірек айтқанда, Dr. Pfeiffer есімді германиялық бір ғалым зәмзәм суын зерттей келе оның көптеген қасиеттерін анықтаған. Сондай қасиеттерінің бірі – зәмзәмді жәй сумен араластырған жағдайда,  өзінің құрамын өзгертпей сақтап қалады екен да, араласқан судың құрамын өзгертіп, замзамға айналдырады екен. Ғалым бұған қатысты:

«Бір тамшы зәмзәм суын, жүз тамшы жәй суға араластырғанымда, су түгелдей зәмзәмға айналғанына күә болдым. Кейін бір тамшы замзам суын, мың тамшы зәмзәм суына араластырғанымда да, сол нәтиже. Зәмзәм суында энергияның көптігі соншалықты, басқа суды өзгертеді, бірақ өзінің құрамы өзгермейді»,

- деп түйіндейді.

Басқа бір дін ғалымдарының тұжырымы бойынша, араласқан судың қасиеттілігі - ішіндегі зәмзәмның мөлшеріне қарай өлшенеді. Қанша зәмзәм араласса, соншалықты қасиетті. Бірақ, ол түгелдей зәмзәм суына айналмайды, әйтсе де, зәмзәм араласқан су мен араласпаған судың айырмашылығы бары сөзсіз дейді олар.

Қалай болғанда да, көп мөлшердегі жәй суға бір-екі тамшы зәмзәм суын араластырып, оны толықтай зәмзәм суы ретінде сатудың дұрыс еместігін айтпай кетуге болмайды. Олай араластырып сататын кезде «зәмзәм суы араласқан су» деп сатқан жөн. Өйткені, сауда-саттықта әр нәрсе нақты, әрі айқын болуы керек. Бір-екі тамшы су араласқан жәй суды «зәмзәм суы» деп сатудың айлаға көбірек ұқсап кететіндігі даусыз.


[1] Имам Нәсәи: әс-Сүнәнус Суғро: №699 - مُدُّوهُ مِنَ الْمَاءِ ؛ فَإِنَّهُ لَا يَزِيدُهُ إِلَّا طِيبًا

Абдусамат Қасым