Үйдегі тышқандарды өлтіруге бола ма?
Үйдегі тышқандарды өлтіруге бола ма?
5 жыл бұрын 12973

Ассаламуғалейкум! Үйде тышқан көбейіп кетіпті, оларды тышқанның дәрісін беріп, улап өлтіруге шариғатымызда рұқсат бар ма, әлде рұқсат етпейді ме? Кішкентайлары да бар екен. Немесе қақпан қойып, ұрып т.б сол сияқты өлтіруге бола ма?  Қалдыбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ғалымдарымыз: «Тышқанды сөзсіз өлтіруге болады» деген[1]. Оны өлтірудің рұқсат екендігінде Ислам ғалымдары арасында талас жоқ. Оған байланысты Хафса анамыздан жеткен бір риуятта Алла елшісі былай деген:

«Жәндіктерден өлтірілуі күнә еместер (мыналар): қарға, тышқан, шаян (скорпион) және қабаған ит»[2].

Басқа риуаятта аталмыш тізімге жылан мен кесірткені де қосқан. «Қабаған ит» сөзі – қасқыр т.б. жыртқыш хайуандарды да ішіне қамтиды.  

Тағы бір хадисте сахаба Абдулла ибн Аббас (радиәллаһу анһ) Пайғамбардың жанында отырғандағы болған оқиғаны былай деп әңгімелейді:  

«Бір тышқан келіп, май шамның пілтесін сүйрей бастады. Кейін оны алып келіп, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына, ол отырған жайнамазының үстіне лақтырып жіберді. Жайнамаздың дирхам (күміс тенге) көлеміндей жері жанды. Сонда Алла елшісі: «Қашан ұйқыға кетсеңдер, майшамдарыңды өшіріп жатыңдар. Шынында шайтан мына сияқтыларға жол көрсетіп, олар сендерді өртейді, деді»[3].

Тышқан зиянды жәндік болғандықтан оны Пайғамбарымыз «фуәйсиқо» деп атаған, яғни, «кішкентай зарар беруші» немесе «кішкентай пасық» деген мағынада. Сол себепті, үйіңізде тышқан көбейген болса, түрлі жолдармен көзін жоюдың күнәсі жоқ.

Әйтсе де, өлтірген кезде тез өлетін тәсілді таңдаған абзал. Мысалы, аш қатырып, қинап өлтіруге рұқсат жоқ. Алла елшісі: فَإِذَا قَتَلْتُمْ فَأَحْسِنُوا الْقِتْلَةَ– Егер өлтіретін болсаңдар, жақсы тәсілмен өлтіріңдер» деген[4].

Өзіңіз айтпақшы, арнайы дәрі-дәрмекпен улап өлтірудің немесе ұрып өлтірудің күнәсі жоқ. Айша анамыздың үйінде кесірткені ұрып өлтіретін таяқ болғандығы хадистерде айтылады. Қақпан қоюдың да ағаттығы болмас.


[1] Бәдруддин Айни: Умдатуль Қари.
[2] Сахих Бұхари. №1828 хадис.
[3] Имам Әбу Дәуід: Сүнән. №5427 хадис.
[4] Сахих Мүслим. №1955 хадис.

Абдусамат Қасым