Ассалаламуғалейкум! Түсіңде итке таланып, не, болмаса таланайын деп жатсаң біздің дінімізде оған қандай жауап бар? Ердаулет.
Түсінде ит тістегенін көрсе, ол нені білдіреді?
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Исламдағы түс жору кітаптарының кейбірінде түсінде ит көргенге қатысты түстің мазмұнына қарай әртүрлі болжам білдірілген. Атап айтқанда:
- Түсінде әупілдеген ит кірсе ол - азғын, тиран, жеккөрінішті бір ер адам кездесеріне ишара.
- Қара ит көрсе - тәрбиесі кенже қалған әлсіз дұшпанға ишара.
- Ұрғашы ит көрсе, жексұрын бір әйел кездесерін білдіреді,
- Егер түсінде ұрғашы ит тісте ұнамсыз бір нәрсеге жолығады.
- Түсінде бір ит киімін жыртқан болса, өңінде бір оңбаған ер адам оның арын аяқ-асты етеді.
- Түсінде иттің сүтін ішсе, қорқады.
- Түсінде итті жастап жатқан болса, ол досқа ишара, өңінде доснан жәрдем сұрап, оған арқа сүйейтін болады.
- Кімді түсінде ит тістесе, ол адам дінбұзармен жолдас болып жүрсе, адастырады, дұшпаны немесе қарсыласы бар болса, ол мұны (түс көрушіні) балағаттайды немесе өзіне бағынышты қылады. Егер құлы бар болса, қиянат жасайды. Оққағары бар болса мұны сатып кетеді. Егер түс көруші адам түсінде иттің тістегенін «жұт» кезінде, таршылық заманда көрген болса, иттің тістеген ізінің көлеміне қарай бір нәрсеге қол жеткізеді.
- Ұрғашы итті көру - шыққан тегі жаман жексұрын әйел кездесеріне ишара.
- Түсінде күшік көрсе - сүйкімді баласы боларына ишара.
- Қара күшік көрсе - отбасына бас боларын білдіреді.
- Ақ күшік - иманына ишара.
- Қой бағатын итті көрсе, басшыдан мал-дүние алатындығының белгісі.
- Кей түс жорушылардың айтысына қарағанда, түсінде иттерді көру - зиянды, өкінішті, ауруды білдіреді, алайда түсінде итпен ойнаса немесе оны сипаласа, рақат өмір сүретінін көрсетеді.
- Жалпы иттердің қай түрі болса да түске кірсе, нашар қауымды білдіреді, дұшпандықты білдіреді. Осыған байланысты мынадай бір мәлімет келген: Әзіреті Әбу Бәкір (р.а.) Мекке қаласы алынатын жылы Мекке мен Мединенің ортасындағы бір жерге келгенде түс көреді. Түсінде Алла елшісі Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) сахабаларымен бірге Мекке қаласына жақындаған екен. Алдарынан бір қынсылаған ұрғашы ит шығыпты. Олар (пайғамбар мен мұсылмандар) итке жақындаған кездерінде ит шалқасынан жата кетіпті де, емшектерінен сүт ағыпты. Оянып кетсе түсі екен. Кейін көрген түсін Пайғамбарымызға (с.а.у.) барып айтып бергенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Иттері кетті. Дүрр-маржандары қарсы алды. Олар өздерінің жатырларын паналайды. Сендер олардың кейбіреулерімен ұшырасасыңдар. Сонда кім Әбу Суфиян ибн Харбты кездестірсе, оны өлтірмесін» деп жауап береді. («Байһақи»).
- Кім түсінде итке айналғанын көрсе, Алла Тағала оған үлкен ілім береді, бірақ кейін ол ілімінен махрұм қылады (қайтып алып қояды)1.
Дұрысы бір Аллаға аян. Көркен түстеріміз мәнді де, мағыналы болғай!
1 Бұл мәліметтер Ибн Сириннің «Тәфсируль Ахләм» атты түс жору кітабынан теріп алынды.