Ассаламу алейкум! Бассейнде шомылу мәселесін айтасыз ба? Еркектер ғана бассейнге түскенде, тек қана қысқа "плавкимен" жүрсе яғни сандары бір-біріне көрініп, сөйтіп жүріп бассейнге түссе бола ма? Әбу Ханифа мәзһабында қалай? Және басқа мазхабтарда қалай? Яғни Осылай түссе бола ма? Абдулла Қанат.
Төрт мәзхаб бойынша, ер кісінің қандай жерлері ғаурат болып саналады?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
- Ханафи мәзхабында ер кісінің ғаурат жері кіндік пен тізе арасы. Тізе әуретке жатады. Оның өзі «ауыр» және «жеңіл» деп бөлінеді. Ауыр әуретке адамның алды мен арты және сол екеуінің айналасы жатады. Жеңіл әуретке – одан өзге жерлер кіреді. Салыстырмалы түрде алғанда ауыр әуреттің харамдығы ауырырақ. Мәселен, санның әуреттілігі тізенің әуреттілігінен ауырлау. Алдыңғы және артқы мүшелердің әуреттілігі санның әуреттілігінен ауырлау. Бірақ, бұл – сан мен тізесін ашып жүре беруге болады деген сөз емес. Ол екі жерді жаппау да - күнә[1].
- Қалған үш мәзхабта да ер кісінің әурет жерлері кіндік пен тізе арасы. Тек біздің мәзхабтан айырмашылығы оларда тізе әуретке кірмейді[2].
Шафиғи мәзхабында ер кісінің әурет жері кіндік пен тізе арасы. Кіндік те, тізе де әуретке кірмейді. Дегенмен, кейбір көзқарас бойынша, кіндік пен тізе екеуі де әурет саналса, басқа бір тұжырымға қарағанда тізе – әурет, кіндік – әурет емес[3]. Ханбали мәзхабында да ер кісінің әурет жері кіндік пен тізе арасы. Кіндік пен тізе әуретке жатпайды. Алайда, Имам Ахмадтан жеткен басқа бір көзқарасқа қарағанда ер кісінің әурет жері - алды мен арты ғана. - Заһири мәзхабының белді өкілі ғұлама Ибн Хазм: «ер кісілердің әурет жерлері тек алды мен артқы мүшелері ғана ( және ол екеуінің айналасы). Одан өзге жерлері, мысалы, саны - әуретке жатпайды» деген[4]. Жоғарыда айтып өткеніміздей Имам Ахмадтен жеткен екі риуаяттың бірінде де осы тұжырым келтіріледі.
Қорытындылай келе, төрт мәзхаб бойынша, шомылуға барған ер кісінің кіндік пен тізе арасы жабық болуы керек (Ханафи мәзхабында тізе де жабылады). Және өзгелердің кіндік пен тізе арасындағы жерлеріне қарау - харам. Әйтсе де, Заһири мәзхабы бойынша, ер адамның «ауыр әурет» жерлері, яғни алды мен арты және олардың айналасы жабық болса жеткілікті, саны мен тізесін жабу шарт емес. Ол жерлері әурет саналмайды.
Осы тұрғыда, әйел кісінің беті, қолы және тобыққа дейінгі аяғы жабылмайды, одан тыс барлық жері жабық болуы керек. Мұнда талас жоқ.
[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтәр – 2/82 бет.
[2] Ибн Қудама: әл-Муғни; Мәлики: «Мухтәсаруль Халил»
[3] Ән-Нәуәуи: Раудатут Толибин
[4] Ибн Хазм: әл-Мүхәллә – Китабус саляһ.