Сәлеметсіздер ме! Тістің орнына имплант қойдыртуға болады ма? Дина.
Тіске имплант жасатуға бола ма?
|

Сәлеметсіз бе!
Тіске имплант жасатуға болады. Оның діни тұрғыда әбестігі жоқ. Исламда сынған немесе шіріген тістің орнына жасанды тіс салдырудың үкімі мубах, рұқсат амал. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында бір сахабаның соғыста мұрны кесіледі. Алла елшісі (с.а.у) ол сахабаға кесілген мұрнының орнына күміс мұрын салуына рұқсат береді, алайда одан жағымсыз иіс шыға бастағаннан соң, күмістің орнына алтын мұрын жасатуға рұқсат береді. Мұның өзі кесілген ағзаның орнына жасанды ағза салуға болатындығын ұқтырады.
Сондай-ақ, ертеректе Имам Әбу Юсуф (рахимаһуллаһ) алтын тіс салдыруға болады десе, Имам Ағзам Әбу Ханифа барынша алтын емес, күміс тіс салдыруды құп көрген. Бұл, Исламда тістің орнына жасанды тіс салдырудың мубах амал екендігін білдіреді. Бүгінде жұлынған тістің орнына имплант салдырудың немесе тісті емдеп пломбы салдырудың мубах амал екендігіне қатысты ешбір дін ғалымы күмән келтірмеген, бастысы Исламда адал саналатын материалдардан жасалған болуы тиіс.
Және айта кету керек: пломбы салдыратын кезде немесе имплант жасататын кезде ғұсылды болу немесе алдына ала дәрет алу шарт емес.
Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!