Тазы аулаған аңды жеуге бола ма?
Тазы аулаған аңды жеуге бола ма?
9 жыл бұрын 6944

Әссәләмуғалейкум! Ұстаз, тазының аулағанын жеуге бола ма? Құрал

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Тазының аулағанын жеуге болады деуіміз үшін:

Біріншіден, тазы үйретілген болуы керек. Дәлірек айтқанда, аулаған аңын «жемеуге» үйретілген болуы тиіс. Жеген  жағдайда «үйретілген» статусын жоғалтып, аулаған аңының еті харамға шығады. Ардақты Алла елшісі бұл жайында: «Егер, ит одан жеген болса, оны жеме. Өйткені, бұл - иттің өзіне аулағанының белгісі»[1], - деген.

Екіншіден, ауланған аң еті желінетін хайуандардан болуы керек.

Үшіншіден, итті аңға салған кісі мұсылман немесе «әһли китаб» болуы шарт.

Төртіншіден, итті аңға саларда аңшы «бисмилланы» айтады. Әдейі «бисмилланы» айтпаған жағдайда, ауланған аңның еті харам.

Бесіншіден, ол аңды «бисмилланы» айтып қосқан иті ғана аулаған болуы керек. Егер, өзге бір ит көлденеңнен қосылып, итіңізге серіктік етсе, ауланған аңды жеуге болмайды. Хадисте былай делінген: «Егер, итіңе өзге бір ит серіктік етсе, (ауланған аңды) жеме. Өйткені, сен өзіңнің итіне «бисмилланы» айтқаныңмен, (қасындағы) бөтен итке «бисмилланы» айтпадың»[2].

Сондай-ақ үлгерсеңіз олжалы аңды өлмей тұрып бауыздап алған дұрыс[3]. Ал сіз келем дегенше өліп қалса еті – халал. Өйткені жарақатынан аққан қан бауыздалғанға есеп.

Жалпы алғанда, қажет кезде үйретілген ит немесе құсты салып, аң аулау шариғатта рұқсат етілген. Оның рұқсаттығы Құран Кәрімнің аяты мен Пайғамбарымыздың сахих хадистеріне сүйенеді.

Қасиетті Құранның Ма’ида сүресінде мынадай аят бар:

«Ей, Мұхаммед! Олар сенен не нәрселерді жеуге болатыны туралы сұрайды. Сен айт: «Таза нәрселердің бәрі сендерге халал етілді. Және Алланың сендерге білдіргеніне сай, азулы аңдар мен тырнақты құстардан өздерің үйреткендеріңмен аң аулау да халал. Олардың сендерге ұстап бергенін жеңдер. Тек, аңға саларда, Алланың есімін атап тұрып, қосыңдар. Құдайдан қорқыңдар. Тегінде, Алла есепке тез алады»[4]. 

Аталмыш аятқа қарағанда, ит секілді азулы, үйретуге көнетін жыртқыш хайуандардың бәрімен аң аулауға болады. Сондай-ақ, бүркіт, қаршыға іспетті тырнақты жыртқыш құстармен де аң аулауға рұқсат. Және ең бастысы аңға ит не бүркітті т.б. салғанда, болмаса, мылтықтың шүріппесін басқанда «бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп айтуды қаперде ұстау ләзім. 


[1] Сахих Бухари – 5476, 5486 т.б.
[2] Сахих Бухари – 5484 хадис.
[3] Имам Маусули: Ихтияр - Китабус саид, 4/3 бет.  
[4] Ма’ида сүресі – 4 аят.

Абдусамат Қасым