Шахмат, дойбы және нарды ойындары харам ба?
Шахмат, дойбы және нарды ойындары харам ба?
8 жыл бұрын 18213

Ассалаумағалейкум! Шахмат, дойбы (шашки) және нарды ойынын ойнауға бола ма? Шариғат бұл ойындарға не дейді? Бұлар да өзге ұтыс ойындары секілді харам ба? Талғат А.

Уағалейкумуссалам уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!  

Сіз сұрап отырған ойындардың ішіндегі нарды Пайғамбарымыздың көзі тірісінде де бар ойын еді. Сондықтан, оның үкімі хадисте білдірілген. Алланың Елшісі нардыға байланысты Сахих Муслимде келген хадисте былай дейді:

«Кім нарды ойнаса, қолын доңыздың еті мен қанына салғанмен тең»[1]. 

Тағы бір хадисінде:

«Әлдекімнің нарды ойнағаны Аллаға және Оның Елшісіне қарсы келгені»[2]

Осы хадистерге қарап ғалымдардың басым көпшілігі нарды ойынына «харам» деген үкім берген. Тіпті, өзара ақша тігісіп ойнамаған күннің өзінде үкім осы дейді олар. Өйткені, нарды ойыны сәттілік пен сәтсіздікке сүйенеді. Пайғамбарымыздың ол ойыннан тыюының басты мәні де осында.[3]

Әйткенмен де, «нарды ойынына ақша тігіп ойнайтын болса ғана харам дейміз. Ал ақша тігілмейтін болса оны ойнауға рұқсат» дейтін табиғин Сағин ибн Мүсайяб сияқты ғалымдар да болған екен. Олар жоғарыда келтірілген хадисті тек ақша тігіп ойнайтын жағдайға айтылған деп жорамалдаған[4].

Ал, шахмат ойыны мұсылмандар арасына Пайғамбарымыздан кейінгі сахабалар дәуірінде пайда бола бастағанын ескерсек, ол жайында нақты хадистің келмегенін түсінуге болады. Сол себепті аталмыш ойын түріне қатысты сахабалар мен одан кейінгі табиғин ғалымдардан түрлі пікір жеткен. Деректерге қарағанда, Әзіреті Али, Абдулла ибн Омар сынды сахабалар бұл ойынды ойнау дұрыс емес деп айтса, сахаба Абдулла ибн Аббас, Әбу Һурайра, табиғин Сағид ибн Мусайяб сияқты кісілер ол ойынға ақша тікпесе ойнауға рұқсат деген[5].

Дегенмен, бұл ойынға да өзге құмар ойыны сияқты екі ойыншы өзара ақша тігетін болса, оны ойнау харам болады. Бұнда талас жоқ. Неге десеңіз, ұтарын не ұтпасын білмесе де, «ұтармын» деген ықтималдыққа сүйеніп ақша тігіп ойнайтын ойындар Құранда «харам» етілгенен «мәйсир/құмар»[6] санатына кіретіндіктен, шариғатта  тыйым салынады. Әзіреті Али мен Абдулла ибн Аббас және бірнеше табиғиндердің пікірі бойынша: «Нарды мен шахматқа құмар арласатын болса, ол – мәйсир», – дегендігі деректерде айтылады[7].

Ертеректе өмір сүрген Ханафи және Малики ғалымдары шахматты да уақыт өлтіруші бос ермек ойындардың санатына жатқызып, ауыр мәкрүһ деген. Өйткені, Пайғамарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде:

«...Мұсылманның алданып, ермек еткен бос ойындарының (әл-ләһу) барлығы бекершілік (батыл). Тек садақ атып, атқа мінуді үйрену және әйелімен қалжындасу басқа», – деген»[8].

Олардың пайымдауынша, Хадисте айтылған үш ойыннан өзге ойындарды ақша тігілмесе де ойнау бос ермек (әл-ләһу), пайдасыз әрекет (әл-ғабәс) болғандықтан – ауыр мәкрүһ[9].

Алайда, Ханафи ғалымдары ішінен Әбу Ханифаның шәкірті Имам Әбу Юсуф (р.а.) олай ойламайды. Оның пайымынша:

«Егер құмар араластырмай, бүкіл уақытын  шахмат ойынын ойнаумен өткізбей, түрлі жаман сөздер айтылмай және мойнындағы міндеттемелерді атқаруға кедергісін жасамайтын болса, шахмат ойнауға болады» деген[10].   

Осы тұрғыда, Имам Шафиғидің шахмат ойыны жайында айтқан мына сөзі де назарға аларлықтай. Ұлық ғалым былай дейді:

«Шахмат ойыны адамның есте сақтау қабілетін дамытады, ойлау қабілетін тазартады. Соғыс өнері мен тактикасын үйретеді. Ол рұқсат етілген заттар қатарынан саналады. Осы жағымен де, садақ ату мен атқа міну тәліміне ұқсап тұр...»[11].

Аталмыш Имам өзінің тағы бір сөзінде:

«Шахмат ойнында ақша тігілмей, жаман сөз айтылмай, намаз ұмытылмайтын болса ол харам емес», – деген[12].

Ендеше, шахмат ойыны қазіргі таңда спорт ойындары санатына жататындықтан әрі, адамның ойлау қабілетін дамытатын ойын болғандықтан, ол ойынды мәкрүһ емес, керісінше, Имам Әбу Юсуфтың тұжырымы негізінде, шахмат ойынын ойнауды мубах/рұқсат дегеніміз жөн болады.

Дойбыға келер болсақ, егер бұл ойын ойнау барысында мына талаптарды ескерер болса бұл ойынға да рұқсат:

  • Екеуара ақша тікпеу;
  • Ойын барысында бір-бірінің намысына тимеу, балағат сөздер айтпау;
  • Ойынның қызығына алданып намазды қаза етпеу;
  • Бүкіл уақытын соған арнап, одан да маңызды істерден өзін мақұрым етпеу.

Ең дұрысы - Аллаға аян!


[1] Сахих Муслим – Китабуш Шиғр, 4194 баб/2260-хадис.
[2] Муатта Имам Мәлик.
[3] У.Зухайли, Фәтәуа Муғасыра. 317-бет. Дамаск. Даруль Фикр.
[4] Доктор Ю.Қарадауи, әл-Халал уәл Харам – 261 бет.
[5] Доктор Ю.Қарадауи, әл-Халал уәл Харам – 261 бет.
[6] Майда сүресі.
[7] Қуртуби тәпсірі, 3/52 бет. Бақара – 219 аят тәпсірі.
[8] Тирмихи, Фазаилуль Жихад - №1637-хадис.
[9] Кувейт: Әл-Маусуға «әл-Ләғб», 35-том; Әл-Хидая, әл-Кәраһия – 7/236 (мұнда харам делінген); Маусули, Ихтияр- 4/139 бет; Әл-Кәсәни, Бадаиғ.
[10] Ибн Ғабидин: Әл-Хадияту-211 бет.
[11] Бадаиғ, әл-Истихсан – 6/509 бет.
[12] Фахруддин Рази, әт тәфсируль кәбир, Бақара сүресі, 219-аят тәпсірі.
Бұл мәлімет - 2013 жылы muslim.kz сайтында жарық көрген жазбамның аз-кем өзгертіліп, қайта жария етілген түрі.

 

Абдусамат Қасым