"Рахман" деген есім қойылған болса, оны өзгерту керек пе?
"Рахман" деген есім қойылған болса, оны өзгерту керек пе?
2 жыл бұрын 5678

Ассалаумағалейкум уа рахматуллахи уа баракатух!

«Рахман» деген есімді бір адамға қойылған болса ,оны өзгерту керек пе? Нақты айтып бере аласыз ба? Ереке.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Рахман» есімінің мағынасы – «аса қамқор, мейірімі бүкіл жаратылысты қамтып тұрушы» дегенге саяды. Бұл есім тек құдіреті күшті, мейірімі барлық жаратылысты қамтып тұратын Құдай Тағалаға ғана тән есім болғандықтан, адамдарға ондай есімді қоюға болмайды. Адамға ауыр болады. Себебі, адам баласы - аса қамқор, мейірімі бүкіл жаратылысты қамтып тұратындай сипатта емес. Ондай есім тек құдіреті күшті Алла Тағалаға ғана жарасады.

Сондықтан да, «Рахман» есімінің басына «абду» сөзін қосып «Абдуррахман» деп атаған жөн (Абдуррахман - Рахман Алланың құлы), не болмаса ол есімді «Рахым» есіміне ауыстырғаны жақсы. Діни тұрғыда адамға «Рахым» деп қоюға болады, бірақ «Рахман» деп қоюға болмайды. Өйткені «Рахим» сипаты пенделерге де тән сипат болғандықтан, «Рахим» деп атауға рұқсат етілген. Қазақта да «Рахым» деген адам есімі бар.  

Негізінде ғалымдарымыз Алла Тағаланың 99 есімдерін өз ішінде адамға қоюға болатын есімдер және адамға қоюға болмайтын есімдер деп бөлген. Адамға қоюға болмайтын есімдерді адамға қоятын кезде басына «абду» сөзін қосу керек болады, бұған, «Рахман», «Холиқ», «Әууәл», «Әхир» т.б. есімдері мысал бола алады.

Ал адамдарға қоюға болатын есімдеріне: Рахым, Кәрім, Али, Рашид т.б. осы сияқты есімдерін атасақ болады, бұл есімдер адамдарға қарасты айтылғанда адамның болмысына сай мағынада қабылданатыны сөзсіз.

Абдусамат Қасым