Құдайы тамақтарда келуші жұрт дастархандағы заттарды пакетке салып алып кетіп жатады, бұл қаншалықты дұрыс?
Құдайы тамақтарда келуші жұрт дастархандағы заттарды пакетке салып алып кетіп жатады, бұл қаншалықты дұрыс?
2 күн бұрын 1230

Құдай тамақтан,садақадан діни адамдар пакет алып жатады, мұны біреулер дұрыс десе,біреулер қате дейді, бұған сіз не дейсіз?

 

Бисмилләһир рахманир рахим.

Құдайы тамақ дегеніміз, халыққа ас беру болғандықтан келген жұрт емін-еркін жеп, ішуіне құқылы, оған таласымыз жоқ. Әйтсе де белгілі әдеп, ережелерді сақтаған да дұрыс. «Алғанның жөні осы екен» деп дастарханды сыпырып кету - қателік, шектен шығушылық болып саналады. Құранда: «шектен шықпаңдар, Алла шектен шығушыларды сүймейді» делінген1. Тіпті кей жерлерде құдай тамаққа асылған етті тып-типыл қылып кететін жағдайларды да естіп жатамыз. Бұл - кісінің дүниесін нақақ жеу, күнә болып саналады. Құранда: «Өз араларыңда мал-дүниелеріңді бұрыс жолмен жемеңдер!» деп бұйырады2.

Сондықтан да, үй иесі келген адамдардың әрбіріне азын-аулақ кәдесін салып беріп жатса, оны алуға болады, оған рұқсат, ал өздігінен пакетіне салып алуына болмайды. Алайда, кей өңірлерде дастархан басындағы қонақтарға пакет таратып жататын кездер де болады, бұл дегеніміз дастарханнан қалаған нәрсеңізді алыңыз деген сөз, бірақ бәрін сыпырып кет дегені емес, ондай кезде қанағаттылық пен ынсапты ту өткен маңызды. «Ынсап сайын береке» деп атам қазақ айтқандай, Алла Тағала қанағаттылық пен ынсаптан айырмасын! Уа ахиру даъуанә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин! 


1  Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 190 аят.
2  Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 188 аят.

Абдусамат Қасым