Қашырдың еті адал ма?
Қашырдың еті адал ма?
4 жыл бұрын 23812

Ассалаумағалейкум! Есек пен жылқыдан туылатын қашыр жайында дініміз не дейді? Осы туралы бір пост жазсаңыз! Шүкүралла.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи ғалымдары қашырды екіге бөліп қарастырады:

  1. Әңгі (есектің еркегі) мен биенің будандасуынан пайда болған қашыр. Бұның еті - адал. 
  2. Айғыр мен мәшінің (есектің ұрғашысы) будандасуы арқылы пайда болған қашыр. Бұның еті - арам.

Яғни, Ханафи мәзхабы бойынша, қашыр етінің адалдығын анықтау үшін, енесіне қарайды екенбіз. Егер, енесі жылқы болса, жылқының үкімін алады да, еті адал болады. Ал енесі есек болса, есектің үкімін алады[1].

Мысалы, кітаптарда Ханафи ғалымдарының бірінің мынадай өлең жолдары келтіріледі:

وَقَدْ حَلَّلَا لَحْمَ الْبِغَالِ وَأُمُّهَا ... مِنْ الْخَيْلِ قَطْعًا وَالْكَرَاهَةُ تُذْكَرُ

«Қашырдың етін екеуі нақты адал қылды, Егер енесі жылқы болса. Мәкруһ екендігі де айтылады»[2].

Мұндағы айтпағы: Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед енесі жылқы болған қашырдың етін нақты адал санаған, өйткені ол да енесінің үкімін алады. Дегенмен, жеңіл мәкруһ дегендіктері де айтылады.

Қорыта айтқанда, енесі мәші (ұрғашы есек) болған қашырдың еті арам. Бұған қатысты ғалымдар арасында талас жоқ.

Ал, әңгі мен биеден пайда болған, яғни, енесі жылқы болған қашырдың етінің үкімі - Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша, мәкруһ (тәхримән немесе тәнзиһән). Оның екі шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің пайымынша, адал (мубах). Өйткені, будандастырылған мал – енесінің үкімін алады[3].

Қалған үш мәзхабта (Мәлики, Шәфиғи және Ханбали мәзхабтарында) қашырдың еті арам[4]. 


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу».
[2] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр». 9/450 бет.
[3] Баста, жылқы етін жеуді харамға жақын мәкруһ санаған Имам Ағзамның өзі өмірінің соңғы сәттерінде «жеңіл мәкруһ» екендігіне орай тоқтам жасағандығы кітаптарда айтылады. (Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр». 9/452 бет).
[4] Әл-Мәуриди әш-Шәфиъи: «әл-Хәуи әл-Кәбир» - Китабуль Атъыйма; Ибн Рүшд Мәлики: «Бидәятуль Мүжтәһид» - Китабуль Атъыйма уәл-Әшрибә; Ибн Құдәмә әл-Хәнбәли: "әл-Муғни" - Китәбус Сайд.

Абдусамат Қасым