Сәлеметсіз бе! Қайтыс болған адамның қырқын қалай есептейді? Жамбасы жерге тиген күннен бастап па, әлде қайтыс болған күннен бастап санай ма? Рахмет.
Қайтыс болған адамның қырқын қалай есептейді: жамбасы жерге тиген күннен бастап па, әлде қайтыс болған күннен бастап па?
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Сәлеметсіз бе!
Құрметті сауал жолдаушы, алдымен айта кетелік: қырқын, жетісін, жылын беру деген амал шариғат бұйрығы емес, бірақ әдет-ғұрыпта бар үрдіс. Дінге қайшылыгы жоқ. Тіпті жетісі мен қырқын жасаудың мубах екендігін көрсетер риуаяттар да дінімізде кездеседі. Мубах, ерікті амал. Ендігі жерде қырқын қай күннен бастап есептейді деген сауалға айтарымыз: қайтыс болған адамның қырқын немесе жетісін денесі жер қойнауына тапсырылған күннен бастап есептеген абзал деген ойдамыз. Неге десеңіз, біз қырқы мен жетісін - мархұмның қабірдегі сынағымен байланыстырамыз. Өйткені, риуаятта мүміннің қабірдегі сынағы жеті күнге созылатындығы, ал мұнафиқтың сынағы қырық күнге созылатындығы айтылады1 (сол күндері ас беру әдетінің төркіні сонда жатса керек). Басқа бір рияуатта «Шынында, мәйіттер (қабірге қойылғаннан соң) жеті күн бойы сынаққа дұшар болады. Осыған орай, олар (сахабалар) осы күндері сол мәйіттердің атынан ас беруді ұнамды санайтын» делінеді2. Осы риуаяттарда мәйіттің жеті және қырық күндік сынағы қабірге қойылғаннан соң басталатындығы айтылып тұр, сондықтан да, қырық күндік және жеті күндік асын да мәйіттің денесі жер қойнауына тапсырылған күннен бастап есептеген дұрысырақ. Бұның осылай болмағы - әсіресе денесі ұзақ уақыт бойы көмілмей қалған мәйіттің жағдайында білінеді. Десе де, қайтыс болған күннен есептеушілердікі де жалпы алғанда қате емес. Аллаһу аъләм.
Абдусамат Қасым
1«Қабірде мүмін адам мен мұнафиқ адам сынаққа дұшар болады. Мүміннің сынағы – жеті күн. Мұнафиқтың сынағы – қырық күн». Имам Суюти келтірген. («Қайтыс болған адамның "жетісін" немесе "қырқын" берудің шариғатта негізі бар ма?»)
2«Қайтыс болған адамның "жетісін" немесе "қырқын" берудің шариғатта негізі бар ма?»