Әссәләмуғалейкум, ұстаз! Амандасқанда бір қолмен амандасам ба,әлде екі қолмен бе? Қайысысы сүннет?
Нұрлыбек Сабырғалиев
Қайсысы сүннетке сай: Екі қолдап амандасқан ба, әлде бір қолдап па?
|
Әссәләмуғалейкум, ұстаз! Амандасқанда бір қолмен амандасам ба,әлде екі қолмен бе? Қайысысы сүннет?
Нұрлыбек Сабырғалиев
Уағалейкум әссәләм, Нұрлыбек!
Алдыменен мынаны айта кетелік, дінімізде қол алысып амандасу сауапты амал болып есептелінеді. Оның сауаптылығы жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Екі мұсылман жолыққанда бір-бірімен қол алысып амандасатын болса, екеуі екі жаққа кетпей тұрып, күнәлары кешіріліп қояды»[1].
Ал, енді, "екі қолдап амандасу сүннет пе, бір қолдап па?" деген мәселе хадистерде нақты айтылмағандықтан Ислам ғұламалары (хадистерді назарға ала отырып) екі түрлі пікір баян еткен:
1.Екі қолдап амандасу – сүннет. Әбу Ханифа мәзхабында екі қолдап амандасу - сүннет[2]. Өйткені, «Сахих Бухарида» келтірілген риуаятта, сахаба Абдулла ибн Мәсъуд былай дейді: «Алла елшісі маған, қолым оның екі қолының арасында болған күйі (яғни, қолымды екі қолдап ұстап тұрып), тәшәһһуд дұғасын үйретті. Оны, Құран сүрелерінің бірін үйретіп жатқандай үйретті»[3].
2. Бір қолдап амандасу – сүннет. Өзге Ислам ғалымдарының тұжырымы бойынша, екі қолдап емес, бір қолдап амандасу - сүннет. Себебі, хадистегі «қол беріп амандасу» сөзі көбіне «бір қолмен» амандасуды білдіреді. Дегенмен, екі қолдап амандасқан адамға да күнә жазылмасы анық дейді.
Қорытынды:
Қол алысып амандасу – дінімізде сауапты амал болып есептелетіні анық. Үкімі – сүннет (мұстахаб дейтіндер де бар). Екі тәсілдің қайсысы абзалырақ екенін жергілікті менталитетке, салт-дәстүрге қарай анықтаған жақсы.
Біздің елде екі қолдап амандасу – құрметтілік пен әдептіліктің және кішіпейілдіктің көрінісі. Әсіресе, жасы үлкен кісілермен амандасқанда екі қолдап амандасып жатамыз.
Ендеше, ең абзалы - екі қолдап амандасу. Неге десеңіз, екі қолдап амандасу адамдар арасында өзара сый-құрметтілікті арттыра түсіретіндіктен, хадистің астарындағы мақсат-мұратқа көбірек сай деген пікірдеміз.
[1] Сахих Бухари.
[2] Ибн Ғабидин, «Раддуль Мухтар». 9/548 бет.
[3] Сахих Бухари, « باب الأخذ باليدين».