Өткен істеріме көп өкінем, бұған дін не дейді?
Өткен істеріме көп өкінем, бұған дін не дейді?
11 жыл бұрын 9402

Ассалаумағалейкум! Мен өткен істерге кейде өкініп жатамын. Өзім іштей: «Өткен іс өтті ғой», - деп өзімді жұбатуға тырысамын. Бірақ сол естен еш кетпей қояды. Жүрсем-тұрсам есіме келеді. «Ол жерде олай емес, бұлай істеу керек еді ғой» - деген ойлар маза бермейді. Не істесек болады?  Жасұлан.

Уағалейкумсалам! Қадірменді Жасұлан, күнделікті тіршілігімізде дұрыс деп ойлап, бір істі істегенде кейде ойдағыдай нәтижеге қол жеткізбей жатамыз. Осы кезде, көңіліңді өкініш билеп: «Әттеген-ай, олай емес, бұлай істегенімде мүмкін дұрыс болар ма еді» деген ой мазалай бастайды. Кейде өкініш тұла бойыңызды билеп, көпке дейін арыла алмай жүресіз. Осындай жағдайға тап болған үмметіне сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) мынадай кеңес береді:

"Қуатты мүмин әлсіз мүминге қарағанда анағұрлым Аллаға сүйкімді, әрі ардақты. Дегенмен әрқайсысына да (немесе әрқайсысында) жақсылық бар. Сен өзіңе пайдалы нәрсеге ұмтыл. Алладан жәрдем сұра. Әлсіздік танытпа. Қиындыққа тап болған сәтте: "Әттеген-ай, (басқаша) істегенімде, бұлай болмас еді", - деп өкініш білдірме. Ондай жағдайда: "Алланың жазғаны осы, Ол не қаласа, сол болады", - де (сабырлық таныт)! Өйткені "әттегене" шайтанға жол ашады"[1].

Демек, өткен ісіңізден ойдағыдай нәтиже ала алмауыңызды, Алланың қалауы деп біліп: «Мен үшін қайырлысы осы болар» деген ойды қалыптастырғаныңыз дұрыс. Өйткені кейде ұнатпаған нәрселеріміз, біз үшін жақсылық болуы мүмкін. Жаратушы Иеміз бұл жайында былай дейді:

«...Сендердің үнатпаған (кей) нәрселеріңнің сендер үшін қайыры болуы мүмкін. Сондай-ақ, жақсы көрген (кей) нәрселерің сендер үшін жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер»[2].

 Бірақ бұл сенім -  өткен істі анализ жасап, оның қателік тұстарын келесіде қайталамауға тырысуға кедергі емес.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің тағы бір хадисінде: 

"Мұсылман кісі бір шұңқырға екі рет құламайды"[3], - дей отырып үмметін бір қателікті келесіде қайталамауға шақыруда.

 Сөзімізді қорытындылайтын болсақ:

  1. Өткен істі: «Алланың қалауы», - деп біліп, оған өкінбеу;
  2. Біздің кейбір ұнатпаған нәтижелеріміз біз үшін жақсылық болуы мүмкін;
  3. Өткен істерімізге талдау жасай отырып, одан сабақ алу, жіберілген қателіктерді болашақта қайталамауға тырысу.

[1] Сахих Муслим: әл-Қадар – Бәбу фил әмр бил қууә...- №2664 хадис.
[2] Бақара сүресі – 216 аят.
[3] Бухаридің хадистер жинағы.

Абдусамат Қасым