Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) кесірткені өлтірудің сауап екенін айтқан?
Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) кесірткені өлтірудің сауап екенін айтқан?
3 жыл бұрын 45379

Әссәләму ъәләйкум уә рохмәтуллаһи уә бәрокәтуһ! Ұстаз осы «Кесірткені бір ұрып өлтірсе 100 сауап, 2 ұрып өлтірсе одан аз сауап, 3 ұрып өлтірсе одан да аз сауап» деп келетін хәдиске байланысты кез-келген кесірткені көрсе болды өлтіру керек пе сауап үшін? Абдунур Абдуразақ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сенімді бір хадисте Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген:

«Кімде-кім кесірткені бір соққыда өлтірсе, оған жүз сауап. Екі соққыда өлтірсе, одан аздау сауап. Үш соққыда өлтірсе, одан да аз сауап бар»[1].

Басқа бір сахих риуаятта былай делінеді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) кесірткені өлтіруді бұйырды және Ол (с.а.у.) оны «Зиянкес» деп атады»[2].  

Хадистегі «бір соққыда өлтіргенге жүз сауап» дегенінен - кесірткені өлтірудің рұқсат екенін, тіпті оны өлтірудің сауапты болатынын әрі ыңғайы келіп тұрса, көп ойланбастан, бір соққымен өлтірген жақсы екенін ұғынуға болады. Өйткені бір соққыда өлтіре алмаса қашып кетуі мүмкін.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай бұйыруының хикметі мен себебі бар.  

Хикметі не десеңіз? 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында кесірткелер өріп жүретін болған. Оны Айша анамыздың үйінде арнайы кесіртке ұрғыш таяқ тұратынынан түсінуге болады. Кесірткелер үй ішінде көп жүретіндіктен, Пайғамбарымыз адамдарды оны өлтіруге талпындырып, осылайша олардың санын азайтуды көздеген болса керек. Неге санын азайтқысы келді?

Себебі:

Кесірткелерді Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Зиянкес» деп атаған. Олай деуінің себебі қазір анықталып отыр. Қазіргі таңда, кесірткелердің түрлі адамға зиянды бактериялар мен паразиттерді тасымалдаушы жәндіктердің бірі екендігі анықталған. Атап айтсақ, әлем бойынша диарея ауруларының негізгі себебі болып келетін салмонелла (Salmonella) бактериясы, криптоспоридии (лат. Cryptosporidium), үшкірқұрты (острица), Pentastomida (пятиустки) паразиты сынды зиянды жұқпалы микробтарды тасымалдаушы бірден бір жәндік — осы кесіртке деседі. Мысалы, Британия Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеуінің нәтижесінде, үйінде кесіртке асырайтын отбасындағы балалардың салмонелла (Salmonella) бактериясын жұқтыру деңгейі өзге балаларға қарағанда жоғары екендігі анықталған.  

2000-жылдардың бас жағында, АҚШ еліне миллиярд долларға жуық қаржыға шетелден үй жануарлары алып келінген, оның ішінде үй кесірткесіде бар. Соның нәтижесінде, 2000 мен 2006 жылдары аралығында салмонелла (Salmonella) бактериясын жұқтырғандар саны күрт өскен. Доктор Катирин Смиттің зерттеуіне қарағанда, Индонезиядан алып келінген 150 кесірткенің 60% пайызында салмонелла (Salmonella) бактериясы табылған.

Сондай-ақ, ақпараттарға қарағанда, Англия еліндегі «Ройал» ауруханасында (Royal Hampshire County Hospital) 2000 жылы, наурыздың 3 жұлдызында екі баланың салмонелла бактериясынан көз жұмғанын хабарлаған. Зерттей келе, ол екі баланың салмонелла бактериясын кесірткенің тезегінен жұқтырғаны анықталған. Сол оқиғадан кейін аталмыш аурухана әкімшілігі кесірткелермен ара-қашықтықты сақтауға және кішкене балалардың жүретін жерлерінде оларды ұстамауға шақырған.  

Бұл бұл ма? 2009 жылы жарық көрген Американдық ғылыми журналының бірінде үй жануарларының кейбір ауруларды тарататыны жайында арнайы тарау арнаған болатын. Сол жерде, Доктор Бренден Баррел атты ғалым, кесірткінің біреуінен салмонелла (Salmonella) бактериясының он түрін анықтағанын жазған. АҚШ жерінде үй жануарларынан салмонелла бактериясын жұқтыратындардың саны 70 мыңға жетіп асатындығы айтылады[3]. Соның біразы, кесірткеден екен.

Қорытынды

Ендеше, Алла елшісінің (с.а.у.) мұсылмандардың кесірткені өлтіруге соншалықты шабыттандыруының өзіндік мәні жоқ еместігін көріп отырмыз. Өзі де «Зиянкес» деп атаған ол жәндіктің расында да адамға зияны бары енді анықталып жатыр. Бір кесірткенің өзінен адам өлімі тіркелген болса, араб жеріндегідей өріп жүретін жерлерде не боларын өзіңіз топшылай беріңіз. Демек, көрген жерде өлтіріп тұруды өсиет қылуының негізгі мәні зияндықтың алдын алу екен.

Қорыта айтқанда, кесірткені өлтіруге болады. Үкімі – мұстахаб, сауапты іс. Өлтірмеген адамға күнә жоқ. Сауап болуының себебі, біріншіден – түрлі жұқпалы ауруды таратушы болғаны үшін, оны Пайғамбарымыз «Зиянкес» деп атаған. Екіншіден – риуаяттарға қарағанда, Ибраһим пайғамбарды (ғалейһиссәләм) Намрұт патша отқа тастаған уақытта, бүкіл жан-жануарлардың ішінен кесіртке ғана Намрұт жаққан отты үрлеген делінеді[4]. Онысын Құдайды бір деуші жұртшылыққа жасаған қастандығы деп ұғынылып, өлтіруге бұйырылуының бір себебі де сол деседі. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 

Әлхамдулилләһи Раббиль Аләмин!


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №2240 хадис.
[2] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[3] Ахмед Кәмәлуддин Абдульжәууәд: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кесіртке жайындағы айтқан хадистерінің ғылыми кереметі». (Араб тілінде). quran-m com
[4] Имам  Бұхари: «Сахих Бұхари».

Абдусамат Қасым