Неге алтын ер кісілерге харам?
Неге алтын ер кісілерге харам?
11 жыл бұрын 37839

Ассалаумағалейкум! Ер кісілерге алтын жүзік тағуға дініміз рұқсат етпегені белгілі. Дініміздің әрбір тыйымында өзіндік мәні бар екені де жасырын емес. Оны еркек адамға харам етудің де өзіндік мән-мағынасы, тиер зияны болса керек. Осы жайында түсіндіріп кетсеңіздер? Жомарт

Уағалейкумуссалам! Дұрыс айтасыз, Жомарт! Дініміз тыйған дүниенің астарында міндетті түрде үлкен мән жатады. Ертеде Ислам діні ел арасына енді жайыла бастаған кезде мұсылманшылдықты қабылдаған бір бәдәуиге маңындағылары мысқылдап, Ислам дініне кіруінің себебін сұрағанда, бәдәуи: «Исламды қалай қабылдамайын! Ол дін не десе де, ақыл соны мақұлдап тұрады емес пе!», – деп жауап берген екен. Сол секілді, діннің кез келген тыйымында ойланып қарай білсеңіз, ақылға сиятын хикмет жатады.

Алтын жүзік ер кісіге – харам. Бұны Пайғамбарымыз (с.а.у) көптеген асыл хадистерінде айтып өткен. Сондықтан да, алтын жүзікке тыйым салынған. Ал тыйымның астарында жатқан хикметті жан-жақты түсіндіруге болады. Мәселен, медициналық тұрғыдан келер болсақ, алтын ер кісілердің еркекке тән гормондық тепе-теңдігін бұзады. Алтын ұрықтың баяу қимылдауына алып келеді. Себебі, уақыт өте келе алтын бұйым тотыға бастап, химиялық реакцияға ұшырайды. Бұл жыныстық бездерге әсерін тигізіп, бұдан ер адам ұрпақсыздыққа дұшар болады. Ал бездердің функциясын бұзуға зәредей ғана алтын оксиді жеткілікті.[1] Ең қызығы, аталмыш оксидтердің әйелдерге зияны жоқ көрінеді. Мамандардың айтуынша, әйел затының гормондық және жыныс жүйесі сыртқы әсерлерге төтеп бере алатындай етіп жаратылған. Сондай-ақ, алтынның, керісінше, орта жасқа таяп қалған әйелдерге тигізер пайдасы бар екен. Әсіресе, жүрек ауруы мен  гипертонияға (қан қысымының артуы) шалдыққан әйелдерге емдік қасиеті бар[2]. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Алтын мен жібек ерлерге – харам, ал әйелдерге – халал»,[3] – деген хадисінің астарында жатқан көптеген хикметтердің бірі осы болса керек.  

[1] http://1goldring.ru/vliyanie-zolota-na-organizm-cheloveka
[2] http://www.baby.ru/blogs/post/110705/;    http://top.rbc.ru/health/17/04/2013/854412.shtml
[3] Ибн Мәжә, Бабу Лубсиль Харири уәз зәһәб, 3595-хадис.

Абдусамат Қасым