Ассаламу алейкум! Тамаққа мысық тисе, оны ішсе харам бола ма? Баян.
Мысық тиген тамақты жеуге бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Мысық тиген тамақты жеу «мәкруһ» үкімін алады дейді Ханафи ғалымдары. Өйткені, мысық тышқан жейді және оның еті арам, сол себепті сілекейі де арам болмағы ләзім, алайда, Алла елшісі (с.а.у.) мысықты «үйді кезіп жүруші» деп, оның сілекейін нәжістер қатарынан шығарғандықтан, Ханафи ғалымдары оның ішкен суға және оның тиген тамаққа «харам» деп емес, «мәкруһ» деп үкім берген, яғни, «ұнамсыз», «абзал емес» деген ұғымда1.
Десе де, Айша анамыз (Алла оған разы болсын) мысық тиген асты жеуге болады деп пәтуа айтқан болатын. Риуаяттарға қарағанда Айша анамызға бір Мединелік мұсылман әйел өзінің азат еткен әйелдің бірінен «Хариса» деп аталатын тамақ түрін беріп жібереді. Айша анамыз намаз оқып жатып алып келінген тамақты «қоя сал» деп ымдайды, сол сәтте мысық келіп, тамақтан жейді. Айша анамыз (р.а.) намазын аяқтап болғаннан соң, мысық жеген тамақты жеп, артынан: «Алла елшісі (с.а.у.) мысықтың нәжіс еместігін, олардың сендердің араларында кезіп жүрушілерден екендігін айтқан болатын. Және мен, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мысық ішкен сумен дәрет алғанын көрдім» дейді, мысық тиген астың таза екендігін түсіндіріп (радияллаһу анһа)2. Осы хадиске сүйеніп, Имам Әбу Юсуф пен өзге үш мәзхаб ғалымдары мысық тиген судың мәкруһ болмайтындығына байлам жасаған. Бұл дегеніміз, аталмыш ғалымдар бойынша мысық тиген астың да таза екендігін білдірмек. Бірақ, егер мысық тышқан жеп, көп уақыт өтпей су ішсе не тамаққа тисе, ол сәтте тиген су, не, тамақ нәжіс болады, мұнда талас жоқ.
Қорыта айтқанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзге бір хадисінде мысық тиген ыдысты бір рет жуу керектігін айтқанын назарға алсақ, мысық тиген астың ең жоқ дегенде «жеңіл мәкруһ» үкімін алатындығы анық, сондықтан да, лаж болса мысық тиген асты жемеген абзалырақ. Алайда, таза деп мысық тиген асты жей беретін кісілердің де өз патша көңілдері білері анық. Әсіресе, үйінде мысық асырайтын кісілердің үнемі тамақ бетін жауып жүре алмаулары мүмкін, ондайда «мәкруһ емес» дейтін ғалымдардың тұжырымы олар үшін жеңілдік екендігі сөзсіз. Тоқ етерін айтқанда, мысық тиген асты жеу - "жеңіл мәкруһ", сондықтан да, барынша тамақтың бетін жауып жүруді әдетке айналдырған дұрыс. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!
Абдусамат Қасым
1 Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная шәрхуль Һидая»; Имам Зәйлаъи: «Тәбиинуль Хақаиқ».
2 «أنَّ مولاتَها أرسلَتها بِهَريسةٍ إلى عائِشةَ رضيَ اللَّهُ عنها فَوجدتُها تصلِّي فأشارَت إليَّ أن ضَعيها فجاءَت هرَّةٌ فأَكَلَت مِنها فلمَّا انصَرَفت أَكَلَت مِن حيثُ أَكَلتِ الهرَّةُ فقَالَت إنَّ رسولَ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ علَيهِ وسلَّمَ قالَ إنَّها لَيسَت بنجَسٍ إنَّما هيَ مِنَ الطَّوَّافينَ عليكُم وقد رأيتُ رسولَ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ علَيهِ وسلَّمَ يتوضَّأُ بفضلِها» (Әбу Дәуід, Сүнән).