Мылтықпен атылған аң бауыздалғанға есептеле ме?
Мылтықпен атылған аң бауыздалғанға есептеле ме?
4 жыл бұрын 11909

Ханафи мәзхабы бойынша, мылтықпен атып алған аң бауыздалғанға санала ма?

Ханафи фиқһ кітаптарының бірінде былай делінген:

«Егер, аңға пышақты лақтырған кезде пышақтың жүзі тиіп жарақаттаса, (соның салдарынан аң өлсе) аңды жеуге болады. Ал, пышақтың жалпақ жағы тисе, немесе қылыштың сабы тисе, (соның салдарынан өлсе) еті желінбейді»[1].

 Тағы бір Ханафи ғалымы:

«Мұндағы негіз – егер аң анық жарақаттан өлсе, еті желінеді»[2].

Яғни, Ханафи ғалымдарының тұжырымы бойынша, аңға қолданатын қаруы - тесіп қан ағызатындай үшкір немесе кесіп қан ағызатындай өткір жүзді болуы тиіс. Ал, мысалы, аңды қансыратпай, тек денесін талқандап, сүйегін сындырып тастайтын шоқпар тәріздес жүзі жоқ заттармен ұрып өлтірілген аңның еті адал емес. Өйткені, малды бауыздаудағы мақсат – қан ағызу десек, ол (қан ағызу ісі) – сою арқылы немесе тесу арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, қан теріден сыртқа ақпай іштей қансырау да жеткіліксіз. Қан сыртқа ағатындай жарақат болуы тиіс[3]. (Бұл айтқандарымыз аңшылық кезге қатысты, ал жайшылықта мал міндетті түрде бисмилла айтылып тамақтан бауыздалуы тиіс).   

Аталмыш негіздерді назарға алар болсақ, бүгінде оқ-дәрінің қуатымен атылатын қорғасын оқ аңға тиген заматта аңның терісін тесіп өтіп, оны жарақаттап қансырататындығы белгілі. Сондықтан да, мылтықпен атылған аңды да "бауыздалған" деп есептеуге негіз бар. Бастысы, мылтықты атар сәтте:

  1. «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деу керек. Әдейі, біле тұра бисмилләны айтпаса еті адал емес. Бисмилләны айту есінен шығып кетсе, еді адал.
  2. Аңды атқаннан кейін кідірместен және еш нәрсемен шұғылданбастан, іле-шала атқан аңының соңына түсуі тиіс, яғни, іздеуге кірісу керек.
  3. Атқан аңының әлі жаны шықпаған болса, бауыздап алуы ләзім[4]. Ал барам дегенше жан тәсілім етіп қойған болса, онда еті адал. Жарақаттан аққан қан – бауыздалған есебінде болады.

[1] Ибн Мәзә: «әл-Мұхитуль Бұрхани». Китабус сойд.
[2] Алиуль Қари: «Мирқат».
[3] Ибн Мәзә: «әл-Мұхитуль Бұрхани». Китабус сойд.
[4] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр». Китабус Сойд.

Абдусамат Қасым