Мектеп оқушысының жолдаған 4 сауалы
Мектеп оқушысының жолдаған 4 сауалы
9 жыл бұрын 5462

Әссәләмуғалейкум! Менің бірнеше сұрағым бар:

1) Барлық істі „Бисмилләһ” деп бастауға болады ма?

2) Кейде мектепте бақылау жазғанда бір-бірімізден сұрап, есептерді жазып алып жатамыз. Бұл күнә ма?

3) Биология пәнін оқығанда адам маймылдан жаратылды деп оқытады. Кейін бізден түсінік сұрағанда солай деп айтсақ күпірлік пе?

4) Құрамында „спирт” бар ауыз шайғышты қолданып жүріппін,оны қолдануға болады ма?

Айнель  

Уағалейкум әссәләм, Айнель!  

1. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде былай дейді: «Бисмилләсіз басталған барлық маңызы бар іс немесе сөз – келте»[1]. Сондықтан да, сіз үшін маңызы бар барлық істер нәтижелі аяқталсын десеңіз, «бисмилләны» айтып бастағаныңыз жақсы.

2. Білмегенді білгендерден сұрау – дініміздің бұйрығы. Құранда: «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар», - делінген. Сол себепті, анша-мұнша білмеген жеріңізді сыныптас құрбыларыңыздан сұрап жатуыңыздың еш күнәсі жоқ. Тек мынаны ұмытпау керек: мүлдем сабаққа дайындалмай, құрбыларыңызға арқа сүйеп кету де дұрыс емес. Мұсылман сабағын жақсы оқуы керек. Өйткені Құранда Жаратушымыз: «Оқыңдар!»[2], - деп бұйырады.  

3. «Адам маймылдан жаратылды» - деп айтуға мәжбүр болып тұрсаңыз, бірақ жүрегіңізбен оған сенбесеңіз, олай айтудың күнәсі жоқ. Мектеп оқулықтарында бар дүние болғандықтан, оқушы әлгіндей мәліметті айтуға мәжбүр болуы мүмкін. Тіліңізбен айтып, бірақ жүрегіңізбен олай емес екендігіне сеніп тұрсаңыз, оныңыз күпірлікке жатпайды. Құран Кәрімде: «...Кімде-кім жүректері иманға бекем болған күйі біреудің мәжбүр етуімен Алланы жоққа шығарса, (онысы күпірлік болып саналмайды)...», - делінген[3].   

4. Мүмкіндігінше спирт қосылмаған ауыз шайғышты қолданған абзал. Алайда, спиртсіз ауыз шайғыш табылмай жатса және оны қолдануға мәжбүр болсаңыз, ішке жұтпау шартымен қолданудың күнәсі болмас. Өйткені, Ханафи мәзхабы бойынша «спиртті» ішуге тыйым салынғанымен, «нәжіс» ретінде есептелмейді. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!   


[1] Ахмад ибн Ханбәл - №8495 хадис. Сахаба Әбу Хурайрадан жеткен.
[2] Иқра сүресі, 1-аят.
[3] Нахыл сүресі, 106-аят.

Абдусамат Қасым