Малдың «енін» жеуге бола ма, әлде харам ба?
Малдың «енін» жеуге бола ма, әлде харам ба?
3 жыл бұрын 21157

Ассаламуғалейкум! Қайырлы кеш! Сұрайын дегенім, еркек қойдың тасын, яғни қошқардың аталық безін пісіріп жеуге бола ма? Біржан.

Уағалейкумуссәләм!

«Ен» деп, малдың аталық безін айтады (яғни, ұлы сөздің ұяттығы жоқ, жалпақ тілмен айтқанда малдың дорбасы, ал дәлірек айтқанда енегі). Малдың енін (тасын) жеу – Англия, Испания, АҚШ, Франция, Мексика т.б. елдерде бұрыннан бар. Сондай-ақ, кавказ халықтарының біразында да малдың ол ағзасы тағам ретінде пайдаланылады.

Қазақ халқында болса, малдың аталық безін жеу әдеті жоқ. Біздің халықта малдың аталық безі жиренішті және жеуге жарамсыз ағза ретінде саналып, итке тасталып жатады.

Ал, енді малдың аталмыш ағзасын жеу мәселесінде шариғат не дейді? – сол жөнінде айтар болсақ:

Біздің Ханафи мәзхабы ғалымдары оны жеуді «тахриман мәкруһ» санап, құп көрмеген[1]. Өйткені, малдың ені жиренішті, адам табиғаты ұнамсыз санайтын ағзалардың бірі. Құранда «Жиіркенішті, жаман нәрселерді харам етеді...» делінеді. Оның үстіне, кітаптардан мынадай бір риуаятты да кездестіруге болады, ол риуаятта: «Алла елшісі (с.а.у.) қой және ешкінің мына ағзаларын жеуді мәкруһ санайтын. Олар: аталық мүшесі, екі ені (дорбасы), аналық мүшесі, бездері, өті, қуық және қаны»[2] - делінген.  Мұндағы «мәкруһ санайтын...» сөзі – «кұп көрмейтін» деген ұғымда.

Әйтсе де, деректерге қарағанда, Ислам ғалымдарынан Шафиғи мәзхабы мен Мәлики мәзхабы ғалымдары малдың енін адал санаған. Олардың тоқтамы бойынша, ол да еттің бір түрі, бастысы - адал әрі шариғатқа сай бауыздалған малдың ені болуы тиіс екен.

Тоқ етерін айтқанда, малдың енін, яғни, аталық безін жеу біздің мәзхабта харамға жақын мәкруһ, тіпті кей Ханафи ғалымдары «харам» деген. Онымен қоса: аталық мүшесі, аналық мүшесі, аққан қаны, қуығы және бездері мен өті де жеуге тыйым салынған ағзалардан[3].

Әлхамдулилләһи раббиль аләмин!


[1] Имам Зайлағи: «Тәбиин»; Имам Кәсәни: «Бәдәиъ».
[2] Имам Кәсәни: «Бәдәиъу». 6/272 бет.
[3] Имам Кәсәни: «Бәдәиъу». 6/272 бет.

Абдусамат Қасым