Краб таяқшалары (крабовые палочки) халал ма?
Краб таяқшалары  (крабовые палочки) халал ма?
10 жыл бұрын 24347

Ассаламуғалейкум! Сұрағым: Краб таяқшалары (крабовые палочки) халал ма? Еркенже

Уағалейкум әссәләм, Еркенже! Деректерге сүйенсек, краб таяқшасында теңіз шаянының (краб) еті жоқ. Ол - ақ балық етінің ұнтақталып майдаланған фаршынан жасалады (суруми). Құрамында крахмал, соялық ақуыз (белок) қамтылған. Хош иісі мен дәмін арттыру үшін, әдетте, натрий глутаматы қолданылатынға ұқсайды. Дәрігер-ғалымдар глутамат кейбір аурулардың асқынуына алып келуі мүмкін деген болжам айтады. Сондықтан оның бір күндік шектік мөлшері – 1,5 г үлкен кісілерге және 0,5 г балаларға екен.

Бұнымен қатар, краб таяқшасын қызғылт түске айналдыру үшін үстіңгі жағына бір қабат қызыл түсті «кармин (Е120) қышқылы» қосылған қамырмен қаптайды деген мәлімет те жоқ емес. Кармин - Coccus cacti немесе Dactylopius coccus деп аталатын ұсақ жәндіктерден немесе олардың жұмыртқаларынан алынатын пигмент[1]. Оны тамақтық азық-түліктердің түсін бояуға пайдаланады. Мұсылман елдеріндегі «халал азық» саласында жұмыс атқарып жүрген мамандар, бояғыштың бұл түрі қосылған азықтан ұзақ жүруді кеңес етеді.

Осы мәліметтерге сүйене отырып айтарымыз, краб таяқшаларын жеуге үйір болмаған жөн. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

[1] Жасуша мен түрлі органдарда болатын бояғыш заттар

Абдусамат Қасым