Кітап иелерінің сойған малдарының етін қандай жағдайда жеуге болады?
Кітап иелерінің сойған малдарының етін қандай жағдайда жеуге болады?
6 жыл бұрын 10044

Ассаламуалайкум! Кітап иелерінің сойған малдарын қандай жағдайда жеуге болады және қандай жағдайда жеуге болмайды? Осыны түсіндіріп берсеңіз. Алла разы болсын! Абай

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жалпы алғанда Алла Тағала «кітап иелерінің» асын халал еткендігі белгілі. Бұған қатысты "Маида" сүресі, 5 аятта былай делінеді:

«Бүгін сендерге жақсы нәрселер адал етілді. Әрі кітап берілгендердің тағамы сендерге халал, сондай-ақ сендердің де тағамдарын оларға халал».

Аяттағы "тағам" сөзі етті де қамтуда.

Бірақ, етке байланысты өзіндік шарттары бар. Кітап иелерінің (христиан және яһуди дініндегінің) сойған етін халал деуіміз үшін, қысқаша үш шартты атап өтуге болады:

Бірінші – сойылған хайуан Исламда еті адал саналатын хайуан түрінен болуы керек. Мысалы, қой, сиыр, жылқы т.б.

Екінші – тірідей тамағынан бауыздалған болуы керек (түйе көкірек тұсынан). Тоқпен өлтірілген, ұрып өлтірілген, буындырылып өлтірілген, желкесінен шабылған не желке тұсынан кесілген - бұлар, өлексе саналады.

Үшінші – Алладан басқаның атымен сойылмаған болуы шарт. Мысалы, "Үштік құдай атымен", "Иса масихтың атымен" немесе яһуди дініндегілер "Узейрдің атымен" бауыздаған жағдайда, ол ет харам. Ал, бір Алланың атымен бауыздаған жағдайда, сенімі теріс болса да (яғни, үштік құдайға сенсе де) еті адал. Құран Кәрімде:

«Сендерге өлексі, қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен сойылған хайуанның еті харам етілді» делінген[1].

Бірақ, бұған қатысты Ханафи ғұламалары фиқһ кітаптарында «Иса масихтың атымен бауыздағанын естісе» деп ереже қояды. Бұл дегеніміз, егер бір мұсылман әлдебір християнның малды бауыздар сәтінде мәселен: «Иса масихтың атымен» немесе «Алланың және Иса мәсихтің атымен» деп айтқандығын естісе, ол ет харам болмақ, ал олай дегенін естімесе немесе олай деген-демегені белгісіз болса, сойған малының еті адал[2].  

«Бисмилләны» айтулары шарт па?

Ханафи фиқһ кітаптарынан түсінікті болғаныдай, бұл мәселеде ең басты шарт – Алладан басқанын атын атамаулары. «әл-Ъиная» кітабында былай делінген:

«Әһли китаптан болған біреу сойылған малды бауыздалған күйі алып келсе, оны жейміз. Ал, біздің көзімізше сойған жағдайда, Алладан басқаның атын атамаған болуы шарт»[3].

Осыған қарағанда, бір мұсылманның көзінше әһли кітаптың бірі малды «бір Алланың атымен» сойса немесе мүлдем ештеме айтпай бауыздаса, ол еттен мұсылманға жеуге рұқсат. 

Сондай-ақ, христиан не яһуди дініндегі адам малды бауыздап әкелген болса да, ол малды кімнің атымен сойғандығын тәптіштеп сұрастыру шарт емес[4]. 

Осыған байланысты кітаптарда мынадай риуаят келтіріледі. Бір кісі Әзіреті Әлиге келіп: «Әһли кітаптың сойғаны халал ма? Олар айтып жүрген нәрселерін (соярда да) айтады?», - деп сұрайды. Сонда Әзіреті Әли: «Алла Тағала олардың не айтатындарын біле тұра сойған еттерін адал қылды» - деп жауап берген екен[5].

Қорытынды:

Қорытындылай келе, шариғат бойынша, христиан не яхуди дініндегі адамның малды бауыздарда «Алладан басқаның атын» атағанын естімесек сойған малының етін жеу адал. Ал, «Исаның атымен» немесе «үштік құдайдың атымен» деп сойғанын естісек, онда еті адал емес. Сондай-ақ, бізге сырттан бауыздалған күйі алып келген жағдайда да еті адал саналады. Бір Алланың атымен сойған-соймағанын сұрауымыз шарт емес.

Дейтұрғанмен, мына нәрсені де айтпай кетуге болмайды: Ибн Һүмәм сынды кейбір «мұхаққиқ» Ханафи ғұламалары «Әһли кітаптың» күпірлік сенім-негіздерін назарға ала отырып, олардың сойған еттерін тек мәжбүр жағдайда ғана жеген дұрыс деп тұжырымдаған. Сол себепті, кейбір қысыл-таян жағдайларда болмаса, жалпы мүмкіндігінше мұсылмандардың «бисмилламен» сойған халал еттерінен алғанымыз ең дұрысы болмақ.

Аллаһу аълям бис сауаб!


[1] Маида сүресі, 3 аят.
[2] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтәр. 9/430 бет.: Осыған орай кейбір Ханафи кітаптарында «Әннәһу ю’кәлу изә жә биһи мәзбүхән» делінеді. Яғни, «егер, кітап иесі малды бауыздалған күйі әкелген болса, онысы желінеді».
[3] Ибн Нүжейм: Әл-Бахрур Раиқ. 8/306 бет.
[4] Абдурахман әл-Жүзейри: әл-Фиқһ аляль мәзәһибиль арбаъа.
[5] Әл-Кәсәни: Бәдаиғу – 6/229 бет

Абдусамат Қасым