Кене секілді жәндіктерді өртесе, күнә бола ма?
Кене секілді жәндіктерді өртесе, күнә бола ма?
8 жыл бұрын 6046

Әссәләмуғалейкум! Бір маңызды сұрағым бар еді. Ауылдық жерлерде сиыр болғасын оларға жабысып жүретін тас кене де болады. Соларды өртеп қана көзін құртады. «Жаратылыстарды отпен азаптаушы тек қана Алла Тағала» дегенді естігесін, біз отпен өртесек бізге күнә бола ма екен? Соған бір нақты жауап берсеніз жақсы болар еді. Уәссәләм! Нұрсұлтан Нұржанов.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Сахих Бұхариде» келтірілген риуаятта Мұхаммед пайғамбарымыз мынадай оқиға баян еткен:

«Пайғамбарлардың бірі бір ағаштың түбіне (демалайын деп) отырады. Сол арада бір құмырсқа оны шағып алады. (Жанына батқандықтан ашуланып) ағаш түбіндегі заттарын былай қойғызып, құмырсқаның үйін өртеуді бұйырады. Сол мезетте Алла тағала оған: «Бір құмырсқаны (өртемейсің бе, бәрін өртегенше)» деп, уахи етеді»[1]. 

Осылайша Алла Тағала пайғамбарды сабырға шақырып, жәндікке де әділдік көрсетуін, оның кінәсі үшін өзге кінәсіз жәндіктерді өлімге қимау керектігін үйреткен екен.

Аталмыш риуаятқа қарай отырып, кейбір дін ғалымдары зиянды жәндіктерді өртеуге болатындығын көлденең тартқан.

Дегенмен, соңғы пайғамбар – Мұхаммед ғалейһиссәләмнің басқа бір хадисінде: «Отпен тек оттың Раббысы ғана азаптауға құқылы» - деп айтқан сөзі бар[2]. Оның үстіне, Пайғамбарымыз (с.а.у) өлтіруге тыйым салған төрт жәндіктің бірі құмырсқа екендігін ескере келе[3], жоғарыда айтылған риуаяттағы «жәндікті өртеу» үкімі тек сол алдынғы пайғамбарлардың шариғатында рұқсат етілген әрекет етін, бізге қатысы жоқ дейді ғалымдардың бірсыпырасы.

Қысқасы, жалпы тіршілік иелерін өртеу дінімізде құпталмайтын әрекет. Алайда, өзіңіз айтпақшы, кене секілді өртеп қана құтылуға болатын және у дәрілерге төзімді түрлі зиянды насекомдарды өртеуге рұқсат деуге негіз бар. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Сахих Бұхари – Китабу бүд*иль Халқ. Фатхуль Бари - №3141.
[2] Әбу Дәуід - №2675 хадис.
[3] Олар: құмырсқа, ара, көкек, тағанақ. Әбу Дәуід, «әбуәбун Нәум», №5267-хадис. Сахих.

Абдусамат Қасым