Жолымды қалай ашсам болады? Жол ашатын сүрелер бар ма?
Жолымды қалай ашсам болады? Жол ашатын сүрелер бар ма?
6 жыл бұрын 18507

Сәлеметсіздер ме! Жол ашатын сүрелер бар ма?

Сәлеметсіз бе! Ең әуелі айтарымыз, намазға бастаңыз. Алланың қалауымен жолыңыз ашылады. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген :

‏‏وَمَن يَتَّقِ اللَّهَ يَجْعَل لَّهُ مَخْرَجًا وَيَرْزُقْهُ مِنْ حَيْثُ لَا يَحْتَسِبُ

«Кім Алладан қорқып тақуалық қылса, Алла оған шығар жол жаратып қояды және оған күтпеген жерден ризық береді...»[1].

Сондай-ақ, намаздан кейін болсын, жай уақыттарда болсын іштей мына дұғаны да айтып жүріңіз:

وَأُفَوِّضُ أَمْرِي إِلَى اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ بَصِيرٌ بِالْعِبَادِ

«Уфаууиду әмри илаллаһ. Инналлаһә бәсыйрум бил ъибәд».

Мағынасы: Барлық ісімді Аллаға тапсырдым. Шынында Алла пенделерін толық көруші[2].  

Және де, әр түні жатарда «Уақиға» сүресін оқып тұрғанды әдетке айналдырған жақсы. Уақиға сүресін оқып жүрген кісінің таршылық көрмейтіндігі хадистерде айтылған[3]. 

Ислам діні басқа түскен қиындыққа сабыр сақтап, "Алланың жазғаны болады" деп қатты таусылмауға шақырады. Бұнымен қатар, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қандай қиындықта да "Қай жағдайда да Аллаға шүкір" деп айтуды кеңес етеді. Бұлар адам баласын моральды тұрғыда мойымауға дағдыландырады. Оның артынан да Құран аятында: "Әрбір қиындықтан соң екі есе жеңілдік бар" деп сүйіншілеуді де ұмытпайды. Расында да, өмірде қиындықтың арты жеңілдік болып жататынын байқаймыз. Қазақтың "басы ащы болғанның, арты тәтті болады" деген сөзі де аталмыш Құран аятының өмірлік көрінісінен туындаған аталы сөз. 

Алла Тағала әрбір қиналып жүрген пендесіне жеңілдік жаратып, жақсылығын берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


[1] Талақ сүресі, 3-2 аят.
[2] Ғафир сүресі, 44 аят.
[3] Имам әл-Бәйһақи. Шуъабуль Иман: «Кімде-кім әр түні уақиға сүресін оқып жүретін болса, ешқашан таршылық көрмейтін болады». («әлсіз хадис»). 

Абдусамат Қасым