Жол ережесін бұзсақ күнә бола ма?
Жол ережесін бұзсақ күнә бола ма?
5 жыл бұрын 3567

Ассаламу алайкум! Жол ережесін бұзсақ күнә бола ма? Мысалы, 60-пен жүретін жерде 80-100 бен жүрсек немесе трассада 140-160-пен жүрсек. Қанат.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жол жүру ережелері қоғам игілігі мен адамдардың бас амандығы үшін реттелген дүниелер. Онсыз әркім өз білгенінше жүріп, өзін де, өзгені де қауіп-қатерге дұшар етері сөзсіз. «Лә дарара уә лә дыйрар» дейді Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Оның мағынасы: «Зарар тигізуге де, зарарға зарармен жауап беруге де жол жоқ». [ Имам Мәлик: Муатта. №1461 хадис.].  

Сондықтан да, шариғаттағы «масолихуль мүрсәлә» дәлелінің негізінде жол жүру ережесін сақтау әрбір мұсылманға міндет. Бүгінде дін мамандарының ешқайсысы жол ережелерін сақтаудың міндет екендігінде күмән келтірмейді. 

«Шариғат үкімдеріне қайшы келмейтін жол ережелерді сақтау шариғи тұрғыда уәжіп саналады» делінген Мемлекеттер аралық Ислам фиқһы Кеңесінің шығарған қаулысында. (Бурунай. Бандар Сери - Бегеван. 1993 жыл. Маусымның 21-27). 

Жылдамдықты шамадан тыс асыруға қатысты айтар болсақ, мұнда Құран Кәрімнің мына аятын естен шығармаған жөн. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Өз-өздеріңді өлімге итермелемеңдер», - деп бұйырады. (Бақара сүресі, 195-аят). Ал қатты айдаудың адам өміріне қауіп-қатер туғызатынын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Сол себепті жылдамдықты тым қатты асырудың белгілі дәрежеде күнәсі болуы мүмкін. Осы орайда Алла елшісінің мына сөзін қаперде ұстаған жөн: "Байсалдылық - Алладан. Асығыстық - шайтаннан". (Имам Тирмизи: Сүнән. Хасан хадис. №2012). 

Абдусамат Қасым