Жол апатында көлігімдегі адам қайтыс болды, сол үшін екі ай «кәффарат оразасын» ұстауым керек пе?
Жол апатында көлігімдегі адам қайтыс болды, сол үшін екі ай «кәффарат оразасын» ұстауым керек пе?
2 жыл бұрын 3350

Ассаламу алейкум, 2019 жылы жол апатында жолсерік қайтыс болды. Рульде мен болдым. Қайтыс болған жігіттің әулетінің үлкендері ақылдаса келіп, бізге кешірім берді, және жан ұясына үй алып беруді сұранды. Үш баласы бар еді. Қайтыс болған жігіттің семьясына өздері қалаған үйді алып бердік. Альхамдулиллах. Мені екі жарым жылға шартты соттады, заң бойынша солай екен. Кешірім болсада. Менің ахыреттегі жағдайым қалай боладыМаған каффарат оразасын ұстау керек пе?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, егер, қатты жылдамдықпен жүру немесе көліктің ашық техникалық ақауы бола тұра жолға шығу, не болмаса, жол ережелерін сақтамау сияқты қателіктердің салдарынан жол апаты орын алған болса, қайтыс болған жолсеріктің қазасы үшін екі ай үзбей кәффарат оразасын ұстау керексіз. Бұл - о дүниеде Алланың алдында да қателіктің кешірімі болмақ. Ескілікті Ханафи кітаптарында былай делінген:

«Егер көлік иесі көлігінің үстінде отырған күйі көлігі жүріп бара жатып, алдыңғы аяқтарымен немесе артқы аяқтарымен біреуді таптап кетсе, оның ағайындары (өлгеннің) құнын төлеу керек, ал өзіне кәффарат өтеу ләзім, әрі мұрадан махрұм қалады...»1.

Басқа бір Ханафи кітабында мынадай да үкім айтылған:

«Егер біреу жануардың үстінде адам отырған кезде ұрып жіберсе немесе отырған адамның айтуынсыз қамшымен салып жіберсе, соның нәтижесінде жануар бір кісіні теуіп жіберсе немесе құйрығымен ұрса яки қамшымен ұрған сәтте үркіп, бір адамды соғып кетсе, оның құнын жануардың үстінде отырған адам емес, қамшымен ұрған адам төлейді...»2.

Осыған қарағанда, жол апаты біреудің кесірінен орын алған болса немесе техникалық байқауы дұрыс болып, бірақ оқыстан оқылық пайда болып, ие бола алмай қазаға дұшар етсе, жай тұрған жерден біреу келіп соқтықса т.б. осы сияқты сіздің қатысыңызсыз жол апаты туындаса, ол кезде кәффарат өтемесеңіз болады.

Қазіргі дін ғалымдардың мына бір тұжырымы сөзімізді қуаттай түседі деген ойдамын:

«Жүргізушінің – егер жіберген қателігі нақтыланса, мал-дүние тұрғысынан болсын, денеге зақым келтіру тұрғысынан болсын, өзгеге келтірген залалы үшін жауапты. Бірақ келесі жағдайларда жауапкершіліктен босатылады:

  • Егер жол апаты – болдырмауға шамасы келмейтін және сақтана алмаған әлдебір төтенше жағдайдың салдарынан орын алса.

  • Егер жол апаты – өзгенің қателігі себепті немесе оның шектен шығуы себепті орын алса, жауапкершілікті сол «өзге адам» көтереді» - дейді ғалымдар.


     

әл-Фәтәуә әл-Һиндия», 6\60 бет.
2 Әл-Мәбсут; Профессор Доктор Уаһбәту әз-Зухайли: "әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу", 7/5785 бет.

Абдусамат Қасым