Жазда шыбынды өлтіруге болмай ма?
Жазда шыбынды өлтіруге болмай ма?
5 ай бұрын 2396

Жазда шыбын көп болғанда өлтіреміз ғой сол істеуге болмай ма? Салту.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы, шыбынның адамдарға жан-жақты кесірі бар болғандықтан оны өлтіруге дініміз рұқсат берген, әуелі үйдегі шыбындардың зардабы бар. Сөзсіз, шыбындар да Құдайдың шеберлігін паш етіп тұрар жаратылыстардың бірі және оның да белгілі мақсат үшін жаратылғаны шүбәсіз. Сондай-ақ, Құдай Тағала шыбынның жаратылысына назар аудартып, Қасиетті Құранда арнайы айтып өтеді. Десе де, шыбын-шіркей адам баласын мазалайтын жәндіктердің бірі, сондықтан да, оны өлтірудің күнәсі жоқ. Мысалы, Айша анамыздың үйінде кесірткелерді ұратын «кесіртке ұрғыш» таяқ тұрады екен. Бұдан да үйдегі зиянкесті жәндіктерді өлтірудің күнәсі жоқ дегенді ұғынамыз. Және де ол мақсатта үйде арнайы «шыбын ұрғыш» алып қоюдың да мубах-ерікті амал екендігін түсінеміз.

Осы орайда, Алла елшісінің (с.а.у.) мына бір айтулы хадисін келтірмей кетуге болмайды, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

 إذا وقع الذباب في شراب أحدكم فليغمسه ثم لينزعه فإن في إحدى جناحيه داء والأخرى شفاء. رواه البخاري. 

«Біреулеріңнің сусынына шыбын түсіп кетсе, оны батырып, сосын алып тастасын. Шынында, оның бір қанатында - кесел, екінші қанатында оның емі бар»1.

Осы хадистен екі нәрсені ұғынамыз:

  • Шыбынды өлтіруге болатындығын;
  • Шыбынның қанатының бірінде кесір, ал екінші қанатында кесірге қарсы антидоттың барын. 

Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».

Абдусамат Қасым