Жан-жануардың атауын адамға есім ретінде қоюға бола ма?
Жан-жануардың атауын адамға есім ретінде қоюға бола ма?
3 жыл бұрын 4425

Ассаләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Күйеуімнің аты «Руслан». Арыстан деген мағынаны білдіреді. Білуімше Исламда жан-жануардың атауын адамға қоюға болмайды екен. Есімін ауыстыр десем ауыстырмай жүр. Осыған не дейсіздер? (сауал ықшамдап алынды).

Бисмилләһир рахманир рахим. Бүкіл әлемнің Раббысы Алла Тағалаға мақтаулар болсын. Және пайғамбарлардың ең қадірлісі Мұхаммед ғалейһиссәләмға салауаттар болсын. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, діни тұрғыдан қарағанда адамның қадірін қашырмайтын, адамның түйсігі теріс көрмейтін, естіген құлаққа ерсі емес, жағымды жан-жануарлардың атауларын есім ретінде адамға қоюға болады. Мысалы, қазақ халқында «Бота», «Еңлік» (өсімдік атауы), «Сандуғаш» (құс), «Құралай», «Қарлығаш», «Сауысқан», «Қабылан», «Бүркіт», «Жолбарыс» т.б. есімдер қойылады. Кей елдерде «Аслан» (арыстан) деп балаларына есім қойып жататындар бар. Міне осы сияқты адамдардың жадында жағымды ассоциация тудыратын жан-жануарлардың атауларын адамға есім етіп қоюдың ағаттығы жоқ.  

Ал, мысалы, жылан, тышқан, жарқанат, есек, қой, ешкі, жылқы, айғыр т.б. осы сияқты адам санасы дұрыс қабылдамайтын, жағымсыз пікір тудырар және адамға жараспайтын, лайықты емес жан-жануарлардың атауларын есім етіп қоюға болмайды.

Ендеше, өзіңіз сұрап отырғандай күйеуіңіздің есімі «арыстан» деген ұғымды білдіретін болса, оның ондай есім алуының ағаттығы жоқ. Басқа есімге өзгертуі шарт емес.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  

Абдусамат Қасым