Ихрамда жүріп тырнағын алса, не болады?
Ихрамда жүріп тырнағын алса, не болады?
2 ай бұрын 1399

Ихрамда жүріп тырнағын алса, не болады?

Ереже бойынша, кіші, не, үлкен қажылыққа барған кісі ихрам кимей тұрып, мүмкіндігінше жуынып, шайынып тырнақтарын алып, солай ихрамға кіргені сүннет болып есептеледі. Ихрамға кіргеннен соң ихрамнан шыққанға дейін тырнағын, шашын алмауы тиіс, иіс су себінбеуі тиіс, иіс сабын қолданбауы керек т.б. Сондықтан да, зәру себепсіз тырнағын алған кісі кәффарат өтеуі керек болады, яғни, бір мал құрбан шалуы керек болады. Ол жайында кітаптарда былай айтылған:

  1. Ихрамға кіргеннен кейін аяғы мен қолының тырнағын бір отырыста (бір мезетте) алған болса, бір мал құрбан шалуы керек болады.
  2. Бір қолының тырнағын немесе бір аяғының тырнағын алған болса, кәффараты - бір мал құрбан шалу.
  3. Үш саусағының тырнағын алғанның кәффараты - әр саусағының тырнағы үшін жарты саъ бидай не оның құны («Саъ» (صَاعٌ) – ертеректе қолданылған сусымалы заттардың өлшемі, бір саъ шамамен 2-3 кг).
  4. Бір қолының тырнағын (бес саусағының тырнағын) алып, біраздан соң басқа жерде екінші қолының тырнағын алған болса, оның кәффәрәты - екі мал құрбан шалу. (Екеуін де бір отырыста алса, бір құрбан шалады).
  5. Тырнағы өздігінен сынып, ілініп тұрса, оны жұлып алудың зияны жоқ1.

Осы тұрғыда айта кетелік: тырнағын алу, шашын алу немесе иіс су себіну, иіс сабын қолдану сияқты кәффәраты бір мал құрбан шалу болған кінәраттарды бір сырқаттық себепті немесе мәжбүр болғандықтан істеген болса, ол мұсылман мына үш нәрсені істеуге ерікті:

  • Құрбан шалу,
  • Немесе садақа беру (үш саъ бидайды алты міскінге жарты саъдан таратып береді немесе құнын береді),
  • Не болмаса, үш күн ораза ұстау2.

1 «әл-Фәтәуәль Һиндия». Қажылық тарауы.
2«әл-Фәтәуәль Һиндия». Қажылық тарауы. 

Абдусамат Қасым