Әссәләмуғалейкум, құрметті ұстаз! Сұрайын дегенім, хатым құранды соңына дейін оқып аяқтаудың жолы бар ма? Екі-үш парадан кейін тастап қойып жатырмын. Соның жолын білсеңіз айтсаңыз! Рахмет. Абзал.
Хатым Құранды соңына дейін қалай аяқтауға болады, екі-үш парадан кейін тастап қойып жатырмын?
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Қадірменді Абзал, Хатым Құран түсіргеннің сауабы мол. Хатым Құран түсіру деген, Құранды бастан соңына дейін оқу деген сөз. Құранның әрбір әріпіне он сауаптан жазылатындығы хадистерде айтылады1. Ал Құран кітапта қаншама әріп бар!
Ендігі жерде Хатым құранды жеңіл оқу әдісі әрбір оқушыда әртүрлі болуы мүмкін. Мен өзімнің қарапайым әдісіммен бөлісе кетейін және осылай істесе Құранды бастан аяқ оқып тұру жеңіл болады деген сенімдемін. Оны келесі рет бойынша орындаған жөн:
1) Аздан бастау.
- Мысалы, бірінші күні 10 беттен оқып бастаңыз.
- Екінші күн 15 бет.
- Үшінші күн 18 бет.
- Төртінші күн 20 бет (яғни, бір пара).
- Бесінші күн 22 бет (яғни, бір пара, екі бет).
- Алтыншы күн 25 бет (яғни, бір пара бес бет).
- Осылай күн өткен сайын үш-төрт беттен немесе екі-үш беттен қосып отырыңыз.
- Күн сайын аз-аздан қосып отырсаңыз, қиналмай бір отырыста қалай екі пара оқып қойғаныңызды сезбей қаласыз.
2) Ыңғайлы уақыт. Ешқандай кедергісіз, жайбарақат отырып оқитын уақыт таңдаңыз. Мысалы, азанда таң намазына дейін, не, таң намазынан кейін яки кешке жұмыстан келіп, асыңызды ішіп, шаршауыңыз басылғаннан соң т.б. бейқам уақытта.
3) Тоқтаған бетіңізді жазып отыру. Бір отырыста қай бетте тоқтасаңыз, сол бетті бір параққа жазып қойыңыз. Мысалы екі жүзінші бетте тоқтасаңыз, екі жүз деп жазып қойыңыз. Келесіде беттен шатаспауыңызға көмек береді. Өйткені беттен шатасу да адамның ынтасын тежеуі мүмкін.
4) Әр құран оқуға отырғанда «Фатиха» сүресімен бастау. Хатым Құран оқу кезінде әр Құран оқуға отырғанда Фатиха сүресімен ашуыңыз маңызды. Үлкен моральды көмегі бар.
5) Әуездеп оқу (қырағаттап оқу) көп энергияңызды алып қойып жатса, мәнерлеп кітап оқығандай (тәжуидпен) оқыңыз.
ИншаАлла, осы әдіспен оқуға талпынсаңыз, Хатым Құран түсіріп тұруыңыз қиынға соқпайды деген ойдамын.
Ескерту: осы тұрғыда «дәретті болу», «ғұсылды болу» деген шарттары белгілі болғандықтан, айтылмады.
Алла Құран оқып, амал етушілерден еткей!
Абдусамат Қасым
1 «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, ол үшін оған сауап бар. Әрбір сауап он есеге дейін еселенеді. Мен «Әлиф-Ләм-Мим»-ді бір әріп деп тұрғаным жоқ. Әлиф – (өз алдына) бір әріп, Ләм – (өз алдына) бір әріп және Мим – (өз алдына) бір әріп». (Имам Тирмизи: «Сүнән»).