Газет пен журнал беттеріндегі Құран аяттары мен хадистерді өртесе бола ма?
Газет пен журнал беттеріндегі Құран аяттары мен хадистерді өртесе бола ма?
7 жыл бұрын 12560

Әссәләмуғалейкум! Газет беттеріндегі Хадис және Құран аяттарын отқа жаға берсе бола ма? Бауыржан.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Аяттар мен хадистер жазылған газет-журнал беттерінің аяқ асты болып кетуінен қорықса, оларды өртеуге рұқсат. Кезінде халифа Әзіреті Осман (р.а.) барлық Құранды бір нұсқаға топтастырып, қалған нұсқаларын өртеткен тұғын. 

Десе де, тозығы жетіп, оқуға келмейтін ескі Құран кітаптарын Ханафи ғалымдары өртегеннен гөрі ақ матаға орап, көмген абзал деген. Ал, одан басқа ескірген өзге діни әдебиеттерді қажет болып жатса, өртеуге рұқсат.

Қасиетті Құран аяттары, Пайғамбар хадистері жəне "Алла" есімі жазылған жазбаларды, сондай-ақ, түрлі діни мақалаларды аяқ асты ету – күнә. Харам әрекет. Өкінішке орай, бүгінде кейде қасиетті аяттардың қазақша аудармасы орын алған кейбір діни жазбалар жазылған газет беттерінің қоқыста жатқандығын көзіміз шалып жатады. Бұл - шариғатты айтпағанда, ата-баба тәліміне теріс қылық. Себебі, біз - Құран аяттарын сүйіп, қастерлейтін және өзі оқи алмаса да құрметтеп, төрге іліп қоятын атаның ұрпағымыз. Сондықтан да, мұндай олқылыққа жол бермей, мұсылман ретінде осы нәрселерге ұқыптылық таныту қажет. 

Абдусамат Қасым