Əссəлəмуғалейкум уə рахмəтуллаһи уа бəракəтуһ! Сізге қояр сұрағым: діні басқа адамдардың (мысалы: орыс ұлты ) үйінен немесе жасап акеп берген тамағын ішуге бола ма? Фархат.
Діні христиан көршінің алып келген асын ішуге бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Құран Кәрімде Алла Тағала «кітап иелерінің» асын халал еткендігі мәлім[1]. Бұнымен қатар, ардақты Пайғамбарымыз да (ғалейһиссәләм) кітап иелері ұсынған асты жегендігі сахих риуаяттарда айтылады. Мәселен, «уланған ет» оқиғасын еске алар болсақ, онда Пайғамбарымыз (с.а.у.) Зәйнәб бинт әл-Харис есімді Яһуди әйелдің тарту еткен қой етінен жейді. Алайда, дәл уақытында еттің уланғандығынан хабардар болған Ол (с.а.у.) ауызындағы етті жұтпай сыртқа шығарып тастайды. Ал, Пайғамбармен бірге еттен ауыз тиген Бәшәр ибн әл-Бәрра есімді сахаба жан тәсілім етеді[2]. Осы риуаятқа қарай отырып, әһли китаптан саналатын Христиан көршіңіздің алып келген асынан жеудің еш күнәсі жоқ деуге болады.
«Үйінен жеуге бола ма?» дегенге келсек, деректерде бұған қатысты сахаба Әнәс ибн Мәликтің (р.а.) былай дегендігі келтіріледі:
«Бір Яһуди дініндегі адам Пайғамбарды тары ұнынан пісірілген нан мен бұзылыңқырап қалған майға шақырды. Пайғамбарымыз шақыруын қабыл алды»[3].
[1] Маида сүресі, 5 аят: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер адал етілді. Әрі кітап берілгендердің тағамы сендерге халал, сондай-ақ сендердің де тағамдарын оларға халал».
[2] Ибн Һишәм: Сиратун нәбәуия; Сахих Мүслим: Китабут Тыйб; Сахих Бухари; Тирмизи т.б.:
Мұсылмандар «Хайбар» соғысында жеңіске жеткеннен кейін, Зәйнәб бинт әл-Харис есімді Яһуди дініндегі әйел Пайғамбарымызға отқа қақталып қуырылған қой етін алып келеді. Одан бұрын, қойдың қай ағзасы Пайғамбарға көбірек ұнайтындығын сұрастыра келе оған қойдың жаурыны ұнайтындығын біліп алады да, сол жеріне уды көбірек қосады. Кейін оны алып келіп, Алла елшісінің алдына қояды. Пайғамбардың қасында Бәшәр ибн әл-Бәрра есімді сахаба да бар тұғын. Екеуі ол еттен ауыз тиеді. Бірақ Пайғамбарымыз етті ауызға салғанымен әрі жұтпай: «Мына сүйек маған еттің уланғандығын хабар беріп тұр» деп бірден ауыздағыны шығарып тастайды. Алайда Бәшәр сол арада жұтып үлгерген еді. Пайғамбарымыз әлгі әйелді шақырып неге олай істегенін сұрағанда ол: «Егер сен жәй ғана қарапайым патша болған болсаң, біз сенен құтылған болар едік. Ал шын мәнісінде пайғамбар болсаң, саған білдіріледі деп ойладық», - деп жауап береді. Алла елшісі ол әйелді жазаламай босатып жібереді. Бәшәр қайтыс болады. Кейбір деректерде Бәшәрдың туыстары қысас жазасына сай әлгі әйелді өлтіргендіктері айтылған.
[3] Ахмад ибн Ханбал; Имам Шәукәни: Нәйлуль Әутар.