Ассалаумалейкум! Бұрын сауна-монша қазір жалға беретін пәтер, сондай жерде тұруға бола ма?! Айбын.
Бұрын монша болған үйде тұруға бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Риуаяттарға қарағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүшріктердің Исламнан бұрынғы ғибадатханасын мешітке айналдырғандығы айтылады1. Осыған қарағанда, бұрын сауна-монша болған ғимаратты, егер, тұруға ыңғайлы етіп қайта жасаған болса, онда тұрудың күнәсі жоқ. Ал егер «моншаны жын-шайтан мекендейді, үйге айналдырған уақыттың өзінде олар қалады» десеңіз, оның да шешімін дініміз айтып қойған. Хадисте: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар. «Бақара» сүресі оқылған үйден шайтан қашады» - делінеді2. Сондықтан да, «Бақара» сүресін өзіңіз оқысаңыз да, аудио оқылуын бір пәс қойып қойсаңыз да, Алланың қалауымен үйіңіз жын-шайтандардан тазарады. Азан айтылып, намаз оқылып тұрған үйде де жын-шайтандар болмайды. Алла Тағала барша жұртқа берекесін берсін!
1 Әбу Дәуід: «Сүнән», №450 хадис.
2 Имам Мүслім: «Сахих Мүслім», №780 хадис.