Батыс елдеріндегі шошқа етін қосып беретін асханаларда аспаз боп жұмыс істеуге бола ма?
Батыс елдеріндегі шошқа етін қосып беретін асханаларда аспаз боп жұмыс істеуге бола ма?
3 жыл бұрын 2459

Ассәләмуғалейкум! Шет елде тұратын мұсылманға кейбір тамақтарына шошқа етін қосып жасайтын кафенің ас үйінде жұмыс жасауға бола ма? Шошқа етін қолданатын кезде полиэтилен қолғаптарды қолдануға мүмкіндік бар. Берік.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Көпшілік дін мамандарының тоқтамы бойынша, арақ-шарап сататын немесе шошқа етінен ас пісіріп беретін асханада аспаз болып жұмыс істеуге болмайды. Өйткені, біріншіден – шошқа еті нәжіс саналады. Нәжісті адам баласына ас қылып беруге болмайды. Екіншіден – Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла Тағала және Оның елшісі – шарапты, өлексені, шошқаны және пұтты сатуды харам қылды» - деген[1]. Исламда харам болған нәрсені мұсылман болсын, мейлі кәпір болсын, әзірлеп беруге болмайды. Мысалы, шарапты сатуға болмайтыны сияқты, доңыз етін де сатуға болмайды.

Алайда, бірен-саран дін ғалымдары Әбу Ханифаның (р.а.) «Даруль харб (соғыс жұртшылығы) саналатын дұшпан, діні бөтендердің елінде мұсылманның мұсылман емеске өсімге ақша беруіне болады» деген пәтуасын негізге алып, қазіргі таңдағы мұсылман жұрты саналмайтын христиан батыс жеріндегі бір мұсылманның мұсылман емеспен шарап саудасына келісім жасасуына болады деген уәжді көлденең тартады[2]. Осы тұжырымға қарағанда, христиандық батыс елдеріндегі шошқа етін қосатын асханада аспаз болып істеудің күнәсі жоқ дегенді де ұғуға болады.

Қорыта айтқанда, шетелде жүрген мұсылманның өзге жұмыс табылмай күнкөрісі қиындап кеткен жағдайда мәжбүрлікке сүйеніп, өзге жұмыс табылғанша әлгіндей асханада аспаз боп істеудің күнәсі болмас. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде сендерге Алла харам еткен нәрселерді ашық баян етті. Бірақ егер шарасыз қалсаңдар ол басқа...» - деген[3]. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[2] Доктор Али Жұмъа: «әл-Баян лимә йәшғалуль Әзһән». 94 бет.
[3] Құран Кәрім: «Әнғам» сүресі, 119 аят.

Абдусамат Қасым