Әртүрлі тақырыпқа қатысты 4 сұрақ
Әртүрлі тақырыпқа қатысты 4 сұрақ
9 күн бұрын 696

- Бесін намазының 4 рәкағат сүннетін және 4 рәкағат парызын оқып болғанымда, асыр намазының уақыты кіргелі 2 минут болыпты. Осындай жағдайда бесін намазы дұрыс болып есептеле ме?

Намазыңыз дұрыс. Бесін намазының уақыты шықпай тұрып парызын бастап үлгергендіктен, ол уақтылы оқылған болып есептеледі.

- Далаға шығарда дәретсіз күйде Аятул Курсиді оқуға бола ма?

Болады. Ғұсылыңыз бар болса, аят-сүрелерді жатқа дәретсіз оқи бересіз.

- Жаңа жыл келе жатыр. Корпоративтік кештерде арақ ішіледі екен, оған баруға бола ма?

Арақ қойылса, бармаған жөн. Ішкендердің қасында отырғаннан кейін олардың қылықтары жұқпай тұрмайды. Бір күні болмаса, бір күні арақ ішіп кетуі ғажап емес. Құдай сақтасын. Оның үстіне арақ ішілген ортадан періштелер қашып, олардың орнынан жын-шайтандар жиналады. Жалпы, арақсыз өткізейік деп ұсыныс жасап көріңіздер. Арақ қойылмайтын болса, барса күнәсі болмас, иншаАлла.

- Сапарда жүрмін. Сапарда жүргенде құптан намазы кірді, бірақ үйге жетуге шамамен 1 сағаттай уақыт бар. Үйге жетсем намазды толық оқимын ба, әлде қысқартып оқимын ба?

Егер үйіңізге жеткенде құптан намазының уақыты әлі шықпаған болса, оны толық оқисыз. Ереже бойынша, тұрақты елді-мекеніңізге жеткен бойда жолаушылық үкімі тоқтайды. Сондықтан, егер жолда құптан намазын оқымасаңыз, үйге жеткенде оны толық оқисыз, намаздың уақыты жолда кіруі үкімге әсер етпейді. Ал егер жолда оқып алсаңыз, үйге жеткеннен кейін қайта оқымайсыз, уақыты шықпаған болса да, өйткені намазды оқып қойғансыз.

Әлхәмдулилләһи Раббил аләмин!

Абдусамат Қасым