Аққудың еті адал ма?
Аққудың еті адал ма?
5 жыл бұрын 10702

Ассаляму алейкум! Аққудың еті адал ма? Оны аулауға бола  ма? "Аққу - махаббат символы" деген сөзді қалай түсінуге болады? Нұрлыбек Сабырғалиев.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Аққу құсы діни тұрғыда еті адал құстар қатарына жатады. Бірақ, әр адал хайуанды жей беру керек деген ереже жоқ. Кейбір хайуандардың еті адал болса да, өзі халық назарында қастерлі болуы мүмкін. Мысалы, жылқы еті дінімізде адал бола тұра, кей мұсылман халқы оны жемейді. Оның себебі етін «харам» көргендіктен емес, жылқы малын қастерлеп, оның әсемдігі мен ерекше табиғатына сүйсініп, құрмет көрсеткендіктен[1]. Құран Кәрімде жылқыны зейнет (сән) үшін, әрі мініс ретінде жаратқандығы айтылады[2].  

Бізде аққу құсын қастерлегендіктен, оны аулап, етін жеу әбес болып саналады. Сондықтан да, тауық, қаз, үйрек, қырғауыл т.б. еті адал құстар өріп жүргенде, дәл аққуды барып атып алуға ешкім ризалық танытпас. Оның үстіне, аққу құсының еті құрғақ, әрі өте ұзақ пісетіндігі айтылған. Мүмкін, ол құстың етінің желінбеуінің бір себебі де осы болса керек.

Ал енді халық түсінігінде аққу «махаббат символы» ретінде қаралатындығы рас. Оның мәнін өзінің жұбына адал деген түсініктен іздеген жөн шығар. Халық арасында аққу жұбынан айырылған кезде адамдар сияқты қайғыратындығы, тіпті өлуге дейін баратындығы айтылады. Өзінің қосағынан айырылған жесір аққу биікке самғап, өзін төменге тастайды деседі. Мүмкін осындай ерекшеліктеріне қарай оны «махаббат символы» десе керек. Сол себепті, оны өлтіруге қимай, етін жеу әдеті жоқ. 

Осы орайда, халық назарында қастерлі саналған әрбір малдан немесе хайуаннан жеріну керек деп айтудан аулақпыз. Мысалы, индустарда сиыр малы құдай саналады. Оған қарап, жергілікті мұсылмандар да оны жемеу керек деп айта алмас ешкім. Дегенмен, адамдар арасында әрбір адал хайуанның еттері желіне бермейтіндігі де шындық. Ондайда ең дұрысы, өзінің тәбетімен қоса, аулайтын аңның жергілікті әдет-ғұрыптағы орны мен жергілікті заңдағы үкімін де ескерген абзал. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Мәліметтерге қарағанда Шафиғи, Ханбали және Ханафи мәзхабтарында жылқының еті адал. Әбу Ханифа ат етін мәкруһ десе де, Ханафи мәзхабында қабыл етілген пәтуа бойынша, еті адал. Мәликилерде жеңіл мәкруһ, кей пәтуаларында мубах делінген.
[2] Құран Кәрім: «Нахл» сүресі, 8 аят: «Жылқыларды, қашарларды және есектерді мінулерің әрі зейнет үшін жаратты».

Абдусамат Қасым