Ақ шашты жұлуға бола ма?
Ақ шашты жұлуға бола ма?
8 жыл бұрын 20541

Ассалаумағалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім, жасым 23-те. Шашымда біртіндеп ақ шаштар пайда бола бастады. Сол ақ шаштарады аз кезінде жұлып тастауға болады ма? Бұған шариғат қалай қарайды? Болмаса ақ шаштан құтылудың басқа да жолдары бар ма? Смағұл Азамат Абзалұлы

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабында әдемі көріну үшін болмаса, аз көлемде (бір-екі тал) ақ шашты жұлудың ағаттығы жоқ. Көп мөлшердегі ақ шашты жұлу – мәкруһ[1]. Алайда, дін ғұламаларының басым көпшілігі аз да болса, көп те болса ақ шашты жұлуды мәкруһ санайды[2]. Өйткені пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм былай деген:

«Ақ шашты жұлмаңдар. Шынында ол – мұсылманның нұры. Кімнің Ислам жолында бір тал шашы ағарған болса, Алла тағала сол бір тал шашы үшін оған сауап жазып, сол бір тал шашы себепті оның қателіктерін кешіреді. Және соның арқасында дәрежесін көтеріп қояды».  Әбу Дәуід - №4202 хадис

Сақалына ақ түскен ең алғашқы кісі - Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) екен. Сақалындағы ақты көрген пайғамбар Раббысына:

- Бұл не, Раббым? - деп сұрайды.

- Бұл – салмақтылықтың белгісі, Ибраһим, - деп жауап береді Жаратқан Алла. Сонда Ибраһим Халилулла:

- Уа Раббым, олай болса, менің салмақтылығымды арттыра гөр – деп тілек білдірген екен.

Осы риуаяттың арапша мәтініндегі «уәқаар- وَقَارٌ » сөзіне ғалымдар: «ақыл тоқтатып, әр ісінде қырағы болу» деп түсініктеме берген[3].

Ендеше, Исламда шаш-сақалға ақтың түсуін бір сөзбен айтқанда: ақыл тоқтатқандықтың белгісі деп түсіндіреді. Бұл қымсынатын нәрсе емес. Шашыңызда пайда болған ақ шаштарды жұлғаннан гөрі, қына секілді табиғи шаш бояу қолданған абзал. Оның үстіне, ақ шашты жұлған сайын көбейетіні мәлім. 

Дегенмен де, жастарда, әсіресе бозбала шағында не одан да жас кезде ақ шаштың пайда болуы -  денедегі организмнің бұзылуының көрсеткіші дейді медицинада. Мұндай жағдайда арнайы трихолог маманға көрінген дұрыс. 


[1] Хашияту ат-Тахтауи ъля Мәрақиль фәләх
[2] Алиюль Қари: Мирқат – Китабуль либас. №4458 хадис.
[3] Алиюль Қари: Мирқат – Китабуль либас. №4488 хадис.

Абдусамат Қасым