Анаша шегудің үкімі қандай?
Анаша шегудің үкімі қандай?
8 жыл бұрын 23790

Әссәләмуғалейкум! Менің сұрағым бар еді. Анаша шегудің үкімі қандай? Б.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Анаша – «марихуана»  және «гашиштің» жаргон тіліндегі атауы. Деректерге қарағанда, «анаша» сөзі орыс тілдес қоғамда 20 ғасырдың 70-ші жылдары, Шу аңғарынан аталмыш есірткі өнімінің көп мөлшерде жасырын тасымалдана бастауымен қолданысқа енді. Көп ұзамай Ш. Айтматовтың «Плаха» романының арқасында «анаша» сөзі тек адамдар арасында ғана емес, әдебиет тілінде де қолданысқа ие болды[1]. Бұл атау қазақ тіліндегі «наша» сөзінен туындаған болуы мүмкін.

Наша – кенепшөп тұқымдасына жататын біржылдық жабайы, шөптесін өсімдік және осы өсімдіктің белгілі бір түрінің жапырағын кептіру арқылы дайындалатын, шылым ғып тартқан кезде басты айналдырып, елітетін улы зат, есірткі[2].  

Есірткі - шариғатта ауыр күнә. Үкімі – Харам. Құран Кәрімде айтылған шараптың харам болуының негізгі себебі: адамды мас қылып, ақылынан адастыру ерекшелігінің болуы деп алсақ, олай болса, есірткінің де үкімі – ішімдіктің үкімімен пара-пар деуге негіз бар. Әбу Дәуідтің хадис кітабында орын алған риуаятта, Пайғамбарымыздың жұбайы Үмму Сәләмә (р.а.) былай дейді:

«Алла елшісі барлық мас етуші және буын-буынды алып қоюшы заттардан тыйды»[3] .

Басқа бір сахих хадисте ардақты Пайғамбарымыздың мына сөзі келтірілген:

«Барлық мас етуші зат – хамр (яғни, шараптан жасалған жүзімнің үкімін алады. Ауд.). Және барлық мас етуші зат – харам...»[4].

Жоғарыда анаша сөзін гашиш пен марихуананың бір атауы дедік. Олай болса, көне кітаптардағы мәлімет бойынша, «гашиштің» харам екендігіне барлық мәзһаб ғалымдары ортақ пікір білдірген. Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин өзінің атақты еңбегінде былай деп өтеді:

«Гашиштің (хашиш) көптеген кесірі анықталып, жайыла бастағаннан соң, барлық мәзһаб ғалымдары оның харамдығына үкім етті..»[5].

Ендеше, анаша сияқты есірткі заттарды шегу, оны тасымалдау,  сату не басқалай жолмен адамдар арасында тарату - Исламда ауыр күнә болып табылады. Бұ дүниедегі зардабымен қоса, о дүниеде тозақ отына жануға алып келетін іс-әрекеттің бірі. Үкімі – харам.

Алла тағала баршамызды тозақ отына сүйрелейтін әдет-қылықтардан сақтасын!


[1] ru.wikipedia.org/
[2] Наша –  Рақат, ләззат деген мағыналарды да білдіреді. (Қазақ тілінің әмбебап сөздігі).
[3] Әбу Дәуід – Китабуль Әшриба. №3686 хадис.
[4] Сахих Мүслім - №2003 хадис.
[5] Хашияту Ибн Ғабидин – 9/129 бет.

Абдусамат Қасым