Адам суға түсіп өлсе, ол өз-өзіне қол салған болып санала ма?
Адам суға түсіп өлсе, ол өз-өзіне қол салған болып санала ма?
5 ай бұрын 2505

Ассаламу алейкум! Адам суға түсіп өлсе, өз-өзін өлтірген бола ма?

Уағалейкумуссәләм!

Суға түсіп қайтыс болған кісінің ниетіне қарай үкімі өзгереді. Егер өмірмен қош айтысқысы келіп, өлу мақсатымен суға түсіп өлсе, ол «өзіне қол салған» болып саналады. Өзіне қол салу өте ауыр күнә. О дүниеде азапталуға алып келетін әрекет. Ал өмірмен қош айтысу ниетінсіз, суға түсіп, абайсызда суға батып кетсе, ол «ақыреттік шейіт» болып саналады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) суға туншығып қайтыс болған мұсылманның шейіт екендігін білдірген. Бұған байланысты сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен сахих хадисте былай делінеді: «Шейіттер бес түрлі. Олар: індетке шалдығып өлген, іш аурудан өлген, суға батып өлген, жаншылып өлген және Алла жолында шейіт болу»1.

Басқа бір хадисте осы бесеуге тағы екеуін қосып: «өрттен қайтыс болған шейіт, аяғы ауыр кезде қайтыс болған әйел шейіт» деп шейттің түрлерін жетеуге шығарған2. 


1  Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
2  Имам Әбу Дәуід: «Сүнән».

Абдусамат Қасым