"Визуализацияға" деген не? "Визуализацияға" дін қалай қарайды?
"Визуализацияға" деген не? "Визуализацияға" дін қалай қарайды?
3 жыл бұрын 6771

Ассаламуғалайкум! Визуализация деген не? Шариғат оған қалай қарайды? Айбек.

Біисмилләһир рахманир рахим. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Визуализация деген, ойдағы бейнелерді көрнекі-бейнелі ойға ауыстыру деген сөз. Басқаша айтқанда, визуализация – армандаған нәрсесін жүзеге асыру мақсатында елестету.

Визуализация – арманындағы шынайы нәрсенің бейнесін қиялында жасау.

Визуализация – армандаған нәрсесін қиялында жандандырған жағдайда, шынайы өмірде жүзеге асатындығына сену.

Яғни, алдыға белгілі бір мақсат қойып, ойында сол мақсатты егжей-тегжейлі елестету. Діттеген мақсатының ішінде ойша өмір сүру. Осылайша, арманының іс жүзінде орындалуын туғызу. Визуализация деген сол. Мысалы, үй алуды мақсат еткен болсаңыз, оныңызды егжей-тегжейлі ойлап, процесстің майда-шүйдесіне дейін елестетуіңіз керек: қалай сатып алып жатқаныңызды, келісімшартқа қол қойып жатқаныңызды, үйдің ауласына кіріп жатқаныңызды, есікті ашып кіріп, іштегі жайлылықты сезінгеніңізді, қанша бөлме екенін, қандай түсте екенін, қалай дастархан жайып, қоңыс той жасап жатқаныңызды, құдайға шүкіршілік білдіріп, Оған алғыс айтып жатқаныңызды т.б. егжей-тегжейлі елестету керек екенсіз. Осылай әр күні бір сәт елестетіп тұру қажет дейді. Күндердің күнінде ол арманыңыз орындалады-мыс. Және маңыздысы – арманыңызға жету жолын емес, арманыңызға жетіп қойғаныңызды елестету керек екенсіз, құдды ол нәрсе дәл қазір сізде бардай.

Аффирмациядан айырмашылығы

Визуализацияның аффирмациядан бір айырмашылығы, визуализация - арманын ойында жандандыру болса, ал аффирмация - армандаған нәрсесін жиі айтып, қайталап жүру деген сөз. Екеуі де, түптің-түбінде «мысли материальны» деген тезиске барып тіріледі.

Діни тұрғыда

Діни тұрғыдан қарағанда, визуализация жасаудың ағат тұсы жоқ деген ойдамыз, Аллаһу аъләм. Оны (визуализацияны) «арманын қиялында жандандыру» деп түсінетін болсақ, армандаған нәрсесін елестетудің дінде күнәсі жоқ. Тіпті дінімізде армандаған нәрсесін Құдайдан сұрағаннан соң тілегені орындалу үшін, дұғасының қабыл болатындығына сену керектігі айтылады. Дейтұрғанмен, визуализацияға тым арқа сүйеп кеткен де дұрыс емес. Қанша дегенімен, күмәнді дүние. Визуализация арқылы елестеткен нәрсеңіз расында да жүзеге асып кетеді дегенге ешкім кепілдік бере алмайды.

Қалай болғанда да, визуализация жасайтын кісі әр нәрсенің Алланың қалауымен жүзеге асатындығын қаперінде ұстауы тиіс. Сондықтан да, тілеген арманын ең әууелі құдіреті күшті, ризық беруші бір Алладан сұрап, одан соң - Жаратушысы тілеген тілегін қабыл етіп арманы жүзеге асқандығын қиялында елестете берсе болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Алла Тағала жақсы тілектеріңізді қабыл етсін!   

Абдусамат Қасым