Ассаламу алейкум! Түсімде әсем әуезбен азан шақырып жатыр екенмін. Бұл нені білдіруі мүмкін? Айтып жіберсеңіз! Мұратбек.
Түсінде азан айтып жатқанын көрсе, қандай мағынаны білдіреді?
|
Бисмилләһ, уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Исламдағы түс жору тақырыбына жазылған кітаптарда түсінде азан шақырғанын көрудің мәнін былайша жорамалдайды:
- Кім өзінің бір рет немесе екі рет азан айтып, артынан қамат түсіргенін көрсе, оған қажылыққа немесе умраға бару нәсіп болады. Бұған мына бір аят ишара: «Адамдарға қажылық жайында әйгіле (азан айт, құлағдар ет)». («Хаж», 27).
- Кім өзін мұнарада тұрып азан айтқанын көрсе, ақиқаттың жаршысы болады және қажылыққа бару нәсіп болады деген үміт бар.
- Түсінде азаншы екендігін көрсе, бірақ өңінде азаншы болмаса, маңсап иесі болады, егер соның адамы болса.
- Кім өзін төбешікте тұрып азан айтқанын көрсе, табысты сауда немесе сұранысқа ие кәсіп иесі болады.
- Түсінде азан сөздерін артығымен немесе кемітіп айтқан болса, яки, азан сөздерін өзгертіп айтқан болса, өңінде артық не кемітуінің мөлшеріне қарай, адамдарға қиянат жасайды.
- Кім көшеде азан айтқанын көрсе, ол өңінде егер қайыр сүйер біреу болса, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарады. Ал өзі бұзық біреу болса, онда біреуді ұрады.
- Кім өзін қабырғаның үстіне шығып азан айтқанын көрсе, бір ер адамды келісімге шақыратын болады.
- Кім тамының төбесіне шығып азан айтқанын көрсе, өңінде әйелі қайтыс болады.
- Кім қағба тастың төбесіне шығып азан айтқанын көрсе, өңінде дінде жоқ бір жаңалықты кіріптар етеді.
- Кім көршісінің тамының үстіне шығып азан айтқанын көрсе, көршісінің әйелімен қиянатқа барады.
- Кім өзін азан айтып, қамат түсіргенін көрсе, ол өңінде бір сүннетті тірілтіп, бір бидғат істі жояды.
- Кім патшаның есігінде азан айтқанын көрсе, өңінде патшаға ақиқатты айтады.
- Кім қамауда болып, түсінде қамат түсіргенін немесе тұрып намаз оқығанын көрсе, қамаудан босатылады. Мына аят соны ишара етердей: «Егер олар тәубе етіп, намаз оқыса...». («Тәубе», 11).
- Кім түсінде намазға қамат түсірген болса, ол өңінде үлкен іс істеп, соңысында сол ісіне мақтау алады.
- Кім үйінде есігінің алдында, төсектің үстінде азан айтып жатқанын көрсе, ол көп ұзамай дүние салады.
- Кім түсінде азан шақырып, қамат түсірсе және артынан намаз оқыса, оның дүниедегі ақыреттік амалы соңына ерді деген сөз, өліміне ишара.
- Кім түсінде базарда біреудің азан шақырғанын естісе, базардағы біреудің өліміне ишара1.
1 Ибн Сирин, «Исламдағы түс жорамалы». Араб тілінде.
Өзекті сұрақтар
Көп оқылғандар
■
Хатым Құранды соңына дейін қалай аяқтауға болады, екі-үш парадан кейін тастап қойып жатырмын?
■
Іштегі жаман ойлар жазыла ма?
■
Жаңа жыл қарсаңындағы жеңілдіктерді (скидка) пайдалануға бола ма?
■
Қайтыс болған адамның қырқын қалай есептейді: жамбасы жерге тиген күннен бастап па, әлде қайтыс болған күннен бастап па?
■
Халал ақша бар төлем картасына харам ақша араласса, ол картаны қолдануға бола ма?