Түсінде Алла Тағаланы көру не мағынаны білдіреді?
Түсінде Алла Тағаланы көру не мағынаны білдіреді?
6 жыл бұрын 15525

Сәлеметсіз бе! Түсінде Алланы көру нені білдіреді? Рахмет.  

Сәлеметсіз бе! Түсінде Алла Тағаланы көру, ол – рас нәрсе. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Мен қалғып кетіппін, түсімде Раббымды көрдім» дегендігі «сахих хадисте» айтылған. Осыған орай, көптеген алдыңғы буын сәләф ғұламалары Жаратушы Иені түсінде көруі мүмкін екендігін айтқан[1].

Алайда, Алла Тағаланы көру көзбен емес, жүрекпен болмақ. Және де Алла ешқандай кескін-кейіпсіз, тарапсыз, пішінсіз, арақашықтықсыз күйде көрінеді. Себебі Алла Тағала оның бәрінен құлаң таза. Жаратушы Иемізге еш нәрсе ұқсамайды[2].  

Ал, енді түсінде Алла Тағаланы көруді неге жоруға болады? – дегенге, Имам Бәғәуидің «Шәрһус сүнна» атты хадистер түсіндірмесі кітабында, ғалым Алла Тағаланы түсінде көрудің мүмкін екендігін айта келе, оған қатысты мынадай болжам келтіреді:

«Құдіреті күшті Ұлы Алланы түсінде көруі  – сол жергілікті халық арасында әділдіктің, шаттықтың, өнімділіктің және жақсылықтың бой көрсететіндігіне ишара. Егер, түсінде Алла Тағала оған пейішті немесе кешірімді әки тозақтан құтылуды уәде еткен болса, Алланың сөзі – хақ. Уәдесі – шындық. Егер, түсінде Алла оған назар салғанын көрсе, ол – Алланың рахымына ишара. Ал, егер түсінде одан теріс бұрылған болса, онда күнәдан тыйылу керектігіне ескерту. Түсінде Алла Тағала дүниелік бір зат беріп, ол оны алып жатқса, бұл – кесапатқа, қайғыға және кеселге шалдығатындығына әрі сол кесел себепті сауабы көбейетіндігіне, бірақ оның ауыртпалығы Алланың рақымына қауышқанға шейін жалғасатындығына, әйтсе де (о дүниеде) көркем нәтижеге қол жеткізетіндігіне ишара»[3].

Алла Тағала екі дүниеде де жақсылығын бергей!


[1] Имам Мәтуриди және т.б. кәләм ғұламалары түсінде Алланы көрудің мүмкін еместігін тұжырымдаған.
[2] Мулла Алиюль Қари: Шарху әл-Фиқһиль Әкбәр. 247 бет.; Имам Тәфтәзәни: Шарху әл-Ақидатин Нәсәфия. 201 бет.
[3] Имам әл-Бәғәуи: Шархус сунна. Бәбу: Ру’яту ән-Нәбии. 12 том. 227 бет.

Абдусамат Қасым