Тағдырға иман етудің қандай пайдасы бар? Александр
Тағдырға сенудің қандай пайдасы бар?
|
Құрметті Александр, Алла тағала былай дейді:
«Жер жүзіндегі барлық оқиғалар да, сендердің өздеріңнің бастарыңа түсетін құбылыстар да, біздің оларды жаратуымыздан бұрын Лаухулмахфузда жазылып қойған. Оның тәңір үшін оп-оңай екені анық. Бұл – қолдан кеткенге сендердің қайғырмауларың, Құдай берген игіліктерге асып-тасып кетпеулерің үшін солай етілген. Тәкәппарлар мен өркөкіректерді Алла дос санамайды»[1].
Осы аяттан мына екі нәрсеге назар аударуға болады:
Біріншісі – басқа түскен қиындықтарға қайғырмау керек. Қайғырып, өмірден түңілу – адамды жаман ойға жетелеп, еңсесін түсіреді. Су тасқыны, жер сілкінісі, құрғақшылық, өрт т.б. жер жүзінде туындайтын төтенше жағдайлар немесе адам өлімі, ауру-сырқау, жолы болмаушылық т.б. осы сияқты қиыншылықтардың барлығы Алла тағаланың қалауымен болатын нәрселер. Мұсылман «жазмыштан озмыш жоқ» деп қатты қайғырмай, сабырлық танытады. Қолдан келгенін жасап, Аллаға тәуекел етеді.
Екіншісі – қандай да бір иігілікке қол жеткізген сәтте, оған асып-тасымай, тәкәппарланбай шүкір етуіміз тиіс. Өйткені, байлық, мәртебе, табысты қызмет т.б. игіліктердің бәрі Алланың берген несібесі. Алланың қалауымен болған нәрселер. Жаратушымыз солай боларын қалап, тағдырына жазып қойған. Егер, Жаратушы қаламағанда ондай жақсылыққа қол жеткізбес еді. Бұны ата-бабамыз «басқа қонған бақ» деп түсіндірген. Сондықтан мұсылман мастанбай, Құдайдың берген бағы деп біліп, үнемі шүкір етіп жүреді. Шүкіршілік – адамды кішіпейіл болуға баулиды. Ондай адам тәкәппарлыққа бой алдырмайды.
Пайғамбарымыз айтады: «Мен мүміннің жағдайына таң қаламын. Оның барлық ісінде жақсылық бар. Бұл тек мүмін-мұсылманда ғана бар нәрсе. Қуанышқа бөленсе, шүкір етеді. Онысы ол үшін жақсылық. Басына іс түссе, сабырлылық танытады, онысы да ол үшін жақсылық болмақ»[1].
Ендеше, «тағдырға иман етудің» пайдаларын былайша тізбектеп өтсек болады:
- Сабырлылыққа баулиды;
- Жүрек тыныштығы, көңіл тоқтығы пайда болады;
- Тағдырға ризалық білдіргені үшін үлкен сауапқа кенеледі;
- Қанағатшылдыққа үйретеді; Алла елшісі: «Алланың бөліп берген несібесіне риза болсаң, адамдардың ең байы боласың», - деген.
- Босқа үрейленіп, қорықпайды;
- Өмірден түңілмейді;
- Өкінбейді;
- Әрбір қиындықтың артынан жеңілдік келетінін біледі;
- Әрбір нәрседе бір жақсылықтың барына сенеді;
[1] Хадид сүресі, 21-22 аяттар.
[2] Сахих Муслим.