«Суға кетіп өлген адамның үйінен 40 күн бойы иіс шығармау керек, тамақ пісірмеу керек» деген ырым бар ма?
«Суға кетіп өлген адамның үйінен 40 күн бойы иіс шығармау керек, тамақ пісірмеу керек» деген ырым бар ма?
2 жыл бұрын 8357

Сәлеметсіз бе! Менің сұрайын дегенім суға кетіп қайтыс болған адамның 40 күн бойы үйінен иіс шықпау керек деген рас сөз бе? Тіпті сол отбасы өздері үшін де үйлерінде қазан аспайды, сырттан тамақ сатып ішіп отырады.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы, дінімізде суға кетіп қайтыс болған мәйіттің үйінен 40 күн бойы қазан көтерілмесін, тамақ пісірілмесін деген сенім жоқ және қазақтың салт-дәстүрінде де ондай ырым кездеспеген. Дінімізде, «қаралы үйде қазан көтерілмесін» деген ұғым бар. Бұл дегеніміз, азалы үйдің ішіп-жейтін астарын уақытша көрші-қолаңдары мен ауылдастары қамтамасыз етіп, өз мойындарына ала тұрулары сауапты дегенді білдіреді. Ол жайында пайғамбарымыздың хадисінде айтылған. Үкімі мұстахаб, сауапты іс1. Бірақ дәл суға кетіп қайтыс болған адамның үйінен 40 күн бойы тамақ істелінбесін деген сенім мұсылман дінінде жоқ. Сондықтан да, "тірі жан тіршілігін жасайды" демекші, үй иелері сырттан тамақ алдырып әуре болмай, әдеттегінше тамақтарын істеп ішіп-жей бергендері жөн.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!


1Жағфар есімді сахаба бақилық болғанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларға: «Жағфардың жанұясына ас пісіріп апарыңдар. Шынында оларға оларды мәшғұл ететін нәрсе келді» - деп айтқан. (Имам Тирмизи, "Сүнән"). 

Абдусамат Қасым