Шетінеген сәбилер пейіште қанша жаста болады?
Шетінеген сәбилер пейіште қанша жаста болады?
2 жыл бұрын 14621

Сәлеметсіздер ме! Кішкене күнінде қайтыс болған жас балалар қазір қайда? Олар пейіштік пе? Пейіште қанша жаста болады? Сәби күйінше қала ма? Анон.

Сәлеметсіз бе!

Жастайынан шетінеген балалардың рухтары қайта тірілер күнге шейін пейіште, Ибраһим пайғамбардың (ғалейһиссәләм) қарауында болады. Ол жайында сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір риуаятта былай делінген:

«Мүміндердің балаларының рухтары пейіштегі бір тауда болады. Оларды Ибраһим пайғамбар мен жұбайы Сара, қиямет күнінде әкелеріне қайтарылғанға дейін қарайды»1.

Ал қиямет қайым болып, бүкіл адамзат қайта тірілген уақытта, жастайынан шетінеген сәбилер де тіріледі және олар өздерінің ата-аналарына шапағат етіп, олардың пейішке кіруіне себепші болады. Бұл жайында хадисте былай делінген:

«Оларға: «Пейішке кіріңдер!» деп айтылады, олар болса: «әкелеріміз (ата-анамыз) кірмейінше кірмейміз» дейді. Сонда оларға: «Өздерің де, әкелерің де пейішке кіріңдер» - делінеді»2.

Ибн Мәжәның (р.а.) хадистер кітабында келтірілген хадисте де былай делінген:

«Түсік (яғни, шетінеген шақалақ), егер Алла оның ата-анасын тозаққа кіргізетін болса, ол Алланың ол ісіне наразы болады. Сонда оған: «Ей, Раббысына наразы болушы! Ата-анаңды пейішке кіргіз!» - делінеді. Сонда ол (шақалақ) кесілмеген кіндігімен ата-анасын пейішке сүйрелеп, екеуін пейішке кіргізеді»3.

Ал пейішке кірген кезде олар сәби күйінше қала ма, әлде өзгелер сияқты отыз үш жаста бола ма?

Бұған байланысты екі ұдай риуаят келген. Соған орай ертеректегі Ислам ғұламалары да әртүрлі тұжырым білдірген4. Бірақ кейбір Ханафи кітаптарындағы мәліметтен "пейішке кіргеннен соң, өзгелер сияқты олардың да (шетінеген сәбилер) жастары отыз үш жаста, ал бойлары алпыс зираъ болатынын" ұғынуға болады. Бұған қатысты Ханафи ғалымы Имам Тахтауи (р.а.) былай дейді:

«Шетінеген сәбилер қайта тірілер кезде өзгелер сияқты, олар да қандай күйде (қандай жаста) қайтыс болған болса, сол күйде қайта тіріледі, кейін пейшке кірерде бәрі бір бойда (алпыс зираъ) болады»5.

 Бұған байланысты бір әлсіз хадисте:

«Кішісі болсын немесе үлкені болсын, пейіш иелерінен бірі қайтыс болса, олар пейіште отыз жастағы (немесе отыз үш жастағы) адам болады және жастарына ешқашан жас қосылмайды (яғни, қартаймайды). Тозақтағылар да солай»6.

Басқа сахих хадисте пейіштегілердің бәрі отыз үш жаста, алпыс зираъ ұзындықта болатындығы айтылған7.

Дейтұрғанымен кейбір сахих риуаяттарда жастайынан шетінеген сәбилердің пейіште де сәби күйінше қалатындығы білдірілгендігін айтпай кетуге болмас. Бұған қатысты келген риуаятта былай делінген: 

«Кішкентайларың (яғни, шетінеген сәбилерің) – пейіштің құрты (пейіштің саяхатшысы). Егер олардың бірі әкесін жолықтырып қалса, оның киімінен (немесе қолынан) ұстап, Алла оны да, әкесін де пейішке кіргізбейінше ажырамайтын болады»8.

Хадисте "жәннәттың құрты" деу арқылы - пейіште бір орында отырмайтын, анда-мұнда шапқылап, әр жерді аралап ойнап жүретін сәбиді тұспалдап тұр. Пайғамбарымыз бұл сөзімен сәбилерді жыбыр құртқа ұқсатып, еркелетіп "жәннәттың құрты" деп сипаттап тұрса керек. Бұл хадис жастайынан шетінеген сәбилердің - пейіште де сәби күйінше қалатындығын білдіруде:

Қорыта айтқанда, жастайынан қайтыс болған сәбилердің пейіштік екендігі анық, маңыздысы да осы. Ал олардың пейішке кіргеннен кейін қанша жаста болатындығы жөнінде Ислам ғалымдары әртүрлі болжам білдірген. Бірсыпырасы «олар пейіште сәби күйінше қалады» десе, басқа бір тобы «өзге пейіш иелері секілді олар да отыз үш жаста болатындығын» айтқан. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.


 

1Имам Ахмед: «Мүснәд»; әл-Бәйһақи: «әл-Бәъс»; әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак».
2Имам Нәсәи: «Сүнән».
3Ибн Мәжә: «Сүнән». №1608 хадис.
4Бір тұжырым бойынша олар сәби күйінше пейіште аралап жүреді десе, басқа бір тұжырымда олар пейіште қызметші болады делінеді, тағы бір тұжырым бойынша олар да отыз үш жаста пейішке кіреді делінген.

5Хашияту әт-Тахтауи – китабус саләһ.
6Имам Тирмизи: «Сүнән», №5852 хадис.
7Хадис: «Жәннәт иелері жәннәтқа денелерінде ешқандай қылсыз, сақалсыз, ақ өңді, шашы толқындай бұйра, қарақат көзді, отыз үш жаста болған күйі кіреді. Бойлары Адам ата жаратылғандағы бойы сияқты алпыс зираъ болады (бір зираъ - 50-66 см. шамасы)».
8Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №2635 хадис.

Абдусамат Қасым