Ассаламу алейкум! Мына мәлімет whatsapp-та таралып жатыр. Осы мәлімет қаншалықты рас: Сәуір жаңбырының пайдалары... Сулардың ішіндегі ең таза су – сәуір жаңбыры. Сәуір жаңбырында суланған киім шірімейді, шаштар төгілмейді, әсіресе оқылған сәуір жаңбыры Алланың рұқсатымен қояншық ауруына шипа болады, психологиялық ауруларға дауа, тән ауруларына қарсы көп пайдалы... Сәуір жаңбырына оқылатын дұға мен сүрелер. 1) Салауат шәріп 70 рет. 2) Истиғфар шәріп 70 рет. 3) Фатиха шәріп 70 рет. 4) Әятүл Күрсі 70 рет. 5) Ләқад жә-әкум (аятын соңына дейін) 70 рет. 6) Ясин шәріп 1 рет. 7) Әләм Нашрах ләкә 70 рет. 8) Инна Әнзәлнәһу 70 рет. 9) Кафирун суресі 70 рет. 10) Ихлас сүресі 70 рет. 11) Фәлақ сүресі 70 рет 12) Нас сүресі 70 рет. 13) Субханаллаһи Уәлхамду лилләһи (тәсбих дұғасы) 70 рет. 14) Лә Хаулә уа лә қууата иллә билләһил алийл азим 70 рет. 15) Салауат шәріп 70 рет. Егер осы дұғаларды өзі оқи алмай жатса, қатесіз оқи алатын кісілерге оқытады... Нұржан Дүйсебаев.
Сәуір жаңбырының пайдасы жайында мәлімет таралуда. Сондағы мәлімет рас па?
|
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Алғашқы жауған жаңбырдың пайдасына ишара еткен Пайғамбарымыздың хадисі бар. Сахаба Әнәс ибн Мәліктің айтуы бойынша, олар Пайғамбармен (с.а.у.) бірге жүрген күндердің бірінде жаңбыр жауады. Сонда Алла елшісі жауған жаңбыр денесіне тисін деп, көйлегін шешкен екен. Неге олай еткендігін сұраған сахабаларға Ол (с.а.у.): «Бұл жаңбыр – Раббымнан жаңа келуде», яғни, «Жаратушы Алланың жаңа жаратқан несібе-берекеті» деп жауап береді[1].
Осыған орай, Имам Нәуәуи (ер кісінің) ғаурат жерге дейін (белге дейін) көйлегін шешіп, алғашқы жауған жаңбыр суын денесіне тигізуі мұстахаб деген.
Ендеше, көктемде жауған алғашқы жауынды теберік деп біліп, онымен денесін жуса, немесе ауасы таза жерлердегілер одан ішсе, ағаттығы болмас.
Алайда, дәл «сәуір айындағы жауынға» байланысты нақты риуаят кездестірмедік. Ал, Сіз сұрап отырған мәлімет көбіне «шиизм» ағымы өкілдерінің кітаптарында орын алған. Олардың берген діни мәліметі бізге негіз бола алмайды.
[1] Сахих Мүслім - №898 хадис.